Осы жылдың 10 айында Қазақстанда азық-түлік өңдеу саласында оң динамика байқалды. Азық-түлік өндірісі 1,1%-ға өсіп, 2,7 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатында «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» мәселесіне арналған парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министр бірқатар азық-түлік өнімдерінің өндірісінде айтарлықтай өсім бар екенін атап өтті.
Мәселен, 80,6 мың тонна жарма (77%), 604 мың тонна өсімдік майы (10,1%), 41,1 мың тонна ірімшік пен сүзбе (9,9%), 200,3 мың тонна ашытылған сүт өнімдері (5,2%), 58,6 мың тонна шұжық өнімдері (3,4%), 27 мың тонна сары май (2,8%) өндірілген.
Өңдеуді дамыту бойынша кешенді жоспар аясында ет, сүт, күріш, жүгері, күнбағыс және қарақұмық сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2028 жылға қарай азық-түлік өндірісі көлемі 4,5 трлн теңгеге дейін өседі.