Атырау, 18 желтоқсан 23:42
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Ломбардтан алған қарыз кредит тарихына әсер ете ме?

361 просмотра
Фото: freepik.com

Ломбардтан алған қарыз несие немесе ипотека алуға кедергі болмайды. Алайда олардың мақұлдануына әсер етеді. Себебі ломбард алдындағы қарыз жалпы қарыздық жүктемені есептеу кезінде есепке алынады, деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің баспасөз қызметі.

Қазақстандықтар ипотекалық немесе басқа несие алуға өтініш бергенде, банк оның қаржылық жағдайын және қарыздарын төлеуге қабілетін тексереді. Оған қарыз алушының басқа да міндеттемелері кіреді. Мысалы, несиелер, алимент, айыппұлдар немесе басқа да қарыз.

Егер қарыз алушы өзінің төлем қабілеттін дәлелдей алса, ағымдағы қарызын өтесе және қажетті құжаттарды ұсынса, ипотекалық немесе басқа несиені мақұлдау ықтималдығы айтарлықтай артады. Осылайша, ломбард алдындағы қарыз несие алуға кедергі болмайды. Бірақ өтініш берушінің өтелмеген немесе мерзімі өткен берешектерінің болуы несиені мақұлдау ықтималдығын азайтады.

Бұл ретте бірнеше жайтты ескеру қажет. Атап айтқанда, ломбардтар кредиттік бюроларға микрокредиттер туралы ақпаратты беруге міндетті. Бұл ақпарат қарыз алушының несие тарихының бір бөлігіне айналады және оның несие бойынша есебінде көрсетіледі.

Сонымен қатар, қарызды өтеу мерзiмi өткен жағдайда ломбард қарыз орнына қабылдап алған бағалы бұйымды кемiнде тағы 30 күн сақтауға мiндетті. Осы уақыт өткеннен кейін аталған бұйымды сатуға құқылы. Кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде ломбардтағы заттарды кепiлге беру туралы шарт бұзылады, бұл ретте қарыз алушының мiндеттемелерi жойылады.

Кепіл затты сату актісі немесе оны ломбардтың меншігіне айналдыру туралы шешім және қарызды өтеу туралы анықтама сияқты құжаттар қарыздың тоқтатылғанын растайды.

Несиелік есепте қамтылған ақпаратпен келіспеген жағдайда, қарыз алушы ақпарат берушіге (несие берушіге) немесе кредиттік бюроға ақпаратты даулау үшін жүгінуге құқылы. Өтініште жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, мәліметтері, сондай-ақ, кредитордың аты-жөні, өтініш берушінің немесе оның уәкілетті өкілінің қолы қойылуы тиіс. Өтінішке өтініш беруші көрсеткен берешекті өтегенді растайтын құжаттардың көшірмелері қоса берілуі тиіс. Өтінішті қарау мерзімі кредиттік бюроға келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күнін құрайды.

Кредиттiк есепте мәлiметтердiң бұрмалануы расталған жағдайда кредитор дерек анықталған күннен бастап 10 жұмыс күнi iшiнде кредиттiк бюроға дұрыс мәлiметтердi беруге тиіс. Өз кезегінде несиелік бюро өтініш берушіге түзетілген несиелік есепті ұсынуға міндетті.

5 желтоқсан, 16:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.