Атырау, 24 қараша 05:57
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Тұсаукесері өтсе де, құрылысы бітпей тұр

3 505 просмотра

Өткен жылы облыс әкімі Бергей Рысқалиев селекторлық кеңесте Жылыой ауданында 75 төсектік аурухана пайдалануға беріледі деп үміттендіргенін жергілікті халық ұмытпаған болар. Бір ғажабы, әлі күнге дейін жылыойлық науқастар жаңа аурухананы армандап жүр... Ал «Ақ Жайық» құрылысы сағызша созылған аурухана жайлы сын мақалаларды бірнеше рет жариялаған болатын.

ТУБЕРКУЛЕЗ ҚАЛАЙ ӨРШІДІ?

Естеріңізде болар, аудандағы жаңа аурухананың іргетасы 2006 жылы қаланып еді. Одан бері табандаған бес жыл өтіп, объект сақалды құрылысқа айналды. Оны төмендегі ақпараттардан білуге болады.

Бұрынғы ескі өкпе аурулар ауруханасы біресе ашылып, біресе жабылып науқастар тұрмақ, осында еңбек ететін медицина қызметкерлерінің өзін ығыр қылып біткен еді. Ал ауданда өкпе ауруына шалдығушылық 2010 жылы үш есеге дейін өсті. Биыл өткен жылға қарағанда сырқаттар саны азайғанымен, осы кезге дейін он бір адам жаңадан тіркеліп отыр. Тіпті Доссор мен Атыраудағы өкпе аурулар ауруханасына жіберілген сырқаттар Құлсарыға қашып келіп, бірнеше адамға жұқтыру фактісі болған. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханада жатып емделушілердің той, садақада жүргені анықталып, жергілікті полицияның көмегімен қайтадан төсектеріне таңылған. Емделушілерінің қайда жүргенін білуден қалған медицина қызметкерлері амалсыздан полицияның көмегіне жүгінгенін жасырмайды.

‑ Науқастар қашып кете бергесін өткен жылы аудандық МСЭҚБ ұйғарымымен ескі аурухана уақытша ашылған болатын. Бірақ бұл да көпке бармады. Төрт‑бес айға азар шыдаған аурухана жылудан ажыратылып тасталғандықтан науқастар қайтадан Доссор мен Атырауға жіберілді, ‑ дейді ақхалаттылар.

«АРМАНДА, ЖАНЫМ АРМАНДА»

Бұл объектінің тапсырысшы ‑ облыстық құрылыс басқармасы мен бас мердігер «Сенім» ЖШС‑нің жаңа аурухана құрылысы өткен жылғы желтоқсан айының аяғында бітеді деген уәдесі сиырқұйымшықтанып кеткен болатын. Бірақ осы бітпеген объектіні дүркіретіп, тұсаукесерін жасау қандай қажеттіліктен туындағаны белгісіз. Мұндай көзбояушылық кімге керек болғаны белгісіз еді. Ал медиктердің көрген күні сау басқа тілеместей. Бұл турасында дәрігерлер не дейді.

‑ Ескі ауруханада ауру тұрмақ өзіміз жұмыс жасаудан қалдық. Бірнеше жылдап жөндеу көрмеген, әрі жылуы ажыратылған орында пальто,  қолғаппен отырып еңбек етуді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Дәл осындай дәрежеге жеткенше аурухана неге бітпегендігі бәрімізді қайран қалдыруда. Киіммен қыстай жұмыс жасау мүмкін болмады, қатты суықтардан кейін біз жаңа ауруханаға көшу жөніндегі тілегімізді айта бастадық, ‑ дейді Жылыой ауданы өкпе аурулар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ғалия КАЛИЕВА.

Сөйтіп, әрі‑сәрі күйде жұмыс жасап жатқан медицина қызметкерлері жаңа ауруханаға өткен жылдың аяғында көшкен еді. Ал сырқаттар болса, әлі сол Доссор мен Атырауда. Біз барғанда аурухананың кейбір кабинеттері толық бітпеген, ауласының өзінде жол төсеу, көгалдандыру сияқты қыруар жұмыстар бар болып шықты. Жаңа аурухана құрылысының сапасы да керемет деуге келмейді. Бюджеттен 1 млрд. 500 мың теңге бөлінген объектінің ең олқы тұсы су жинайтын резервуардың болмауы.  

‑ Құлсары қаласында су сағаттап берілетіні жобалаушылардың назарында болмаған. Айналып келгенде су жинайтын резервуардың болмауынан жұмыс кідіріске ұшырауда. Ендігі амал өрт сөндіруге пайдаланылатын су сақтайтын 75 текше метрлік екі қазанның бірін резервуар ретінде пайдаланбақпыз. Ол үшін су айдайтын насостарға тапсырыс беріліп, енді келуі тиіс деп отырмыз. Күн жылына осы насостарды орнату жұмысы қолға алынбақшы, ‑ дейді облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Ибрагим АМИРОВ.

‑ Сонда аурухана қашан тапсырылмақшы?

‑ Қалай еткенде де тезірек тапсыруға тырысамыз. Күн жылына жұмыстар қызу қарқынмен жалғасатын болады.

Сонымен әбден жыр болып, жылыойлықтарды әуре‑сарсаңға салған өкпе аурулар ауруханасының қашан бітетіні күмәнді күйде қалуда. Біресе қаржы жетпей, енді бірде жобалаушылардың қателігінен бірнеше жылға созылған құрылыстың сапасы да көңілдегідей болар ма екен. Ал ауданнан шалғайдағы аурухана төсегіне таңылған науқастар жаңа аурухана қашан бітеді деп асыға күтуде. Қалай еткенде де, биліктің бейжайлығынан осынша созылған сақалды құрылысқа нүкте қойылар күннің қашан болатыны белгісіз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

13 сәуір 2011, 21:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.