Индерлік ерлі-зайыпты Жеңіс МАҚСОТОВ пен Индира ДОСТАНҚЫЗЫ жеке кәсіп көзін ашуды ойластырып, ақыры жұдырықтай құс - бөденені өсіруге бел буып, осы жұмысын дөңгелентіп дамытып отыр.
Жалпы оларға бір әжейдің түрлі құстың артынан жүгіріп, жемдеп, баптап, сатып пайда көзін тауып отырғаны ой салған еді. Әрі кішкентай қызы көкжөтелге ұшырап, қанша дәрі-дәрмек алса да кетпей қояды. Ал дәрігерлердің айтуы бойынша, осы бөдене етінің сорпасы соған ем болады.
- Есімі елге белгілі бір дәрігерге барғанымызда диета ұстап, бөдененің сорпасы ем болады деген соң, баламыздың қамымен бөденені өсіре бастадық. Бастапқыда үкімет тарапынан қайтарымсыз грантқа ие болып, жұмысымызға дендеп кірістік, - дейді Индира Достанқызы.
Алдымен бөденені Атыраудан алып, оған қажетті құрал-жабдықты Алматы қаласынан алдырады. Бес қатар тор онатып, 200-дей бөденені сонда ұстап отыр. Ерлі-зайыптылар таңертеңнен кешке дейін төрт-бес рет жемдеп, суын беріп, баптап күтеді. Жұмыртқараларды тек аналық бөдене ғана емес, инкубатор арқылы көбейтіп отыр. Негізі тауық 24, ал бөдене 16 сағат сайын жұмыртқалайтын көрінеді. Күніне 60-70 жұмыртқа алып, оны аудан төңірегіне, Атырау және Құлсары қаласына жөнелтіп отыр екен.
- Бөдененің ғұмыры 1-1,5 жыл. Сол себептен үш-төрт айлық кезде сойып алып, вакуумды аппаратқа целлофанға орап мұздатқышта сақтаймыз. Қазір қолдағы бөдененің дені техас, маньчжур түрлерінен. Эстон түрін де өсіріп көргенбіз. Сорттары бөлек болғанымен жұмыртқалары бір деңгейлес болады. Негізі бөдене жаз айында ыстық кезде жақсы жұмыртқалайды, ал бірінші салқын түскенде жұмыртқа беруін тоқтатып, температураға үйренгесін қалыпты деңгеймен жұмыртқалайды. Бөдененің тұратын жері жылы болуы керек, қыста электр пешін қосамыз, - дейді Жеңіс Мақсотов тордағы бөденені көрсете отырып.
Ерлі-зайыптылардың айтуынша, бөдене өте сезімтал, сақ құс. Мысық кірсе жұмыртқа беруін тоқтатып тастайды екен, негізі бөгде адам кірсе де жатырқайды. Бөдененің саңғырығы бақшаға таптырмас тыңайтқыші. Бөдене өсірушілердің жеке чаты бар екен, сол жерден де ақыл-кеңес алып отыратынын ерлі-зайыптылар жасырмайды.
- Бес баламыз бар, үлкендері жәрдемдесіп тұрады, олар да үйреніп қалды. Бақшамыз бар, қалай еткенде осы емдік қасиетке ие осы құс түрін бұдан да көбейтіп, дамытқымыз келеді. Табыс көзіне айналдыру үшін бөденені балаша баптап, күте білу керек, - дейді олар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген Саламат Базарбаев