Атырау, 26 қараша 15:43
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​АМӨЗ: директор орнының баяны

61 просмотра

Атырау мұнай өңдеу зауытын басқару қызметінің соңы кей кездерде жанжалмен аяқталып, тергеуге ұласып жататыны әсіресе, еліміз тәуелсіз мемлекет мәртебесін алған кезден бастағанда қалыптасқан жағдай сияқты. «АЖ» қала тарихына әртүрлі себептермен енген Атырау мұнай өңдеу зауытының басшылары мен олардың қызметіне қатысты басылымдар мұрағатын шолып шыққан болатын. 

Бір айта кетерлігі, Қазақстандағы тұңғыш мұнай өңдеу зауыты – Атырау мұнай өңдеу зауыты басшысының құрметті креслосын иеленген тұлғалардың әрқайсысының есімін дара атауға болады. Бұрынғы бас директорлар туралы мұрағатымызда деректер жоқтың қасы болғандықтан, соңғы жеті басшыдан бастайық.

Ғалымжан Амантұрлин

Еңбек жолын «Гурьевнефтехимстрой» тресінде слесарь болып бастап, бірте-бірте «АМӨЗ» ЖШС бас директоры қызметіне дейін көтеріліп, оны екі рет (1999-2002, 2016-2019 жж.) атқарды.

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-да мұнай, газ және мұнай-химия өңдеу департаментінің директоры, басқарушы директор және бас менеджер қызметтерін атқарған. Айта кетсек, оның басқарған кездерін дауыл алдындағы тыныштық деп айтуға болады, өйткені қазір Атырау мұнай өңдеу зауыты төңірегіндегі дау әлі де тиылмай тұр. 

Талғат Байтазиев

Жерлесіміз Талғат БАЙТАЗИЕВТІҢ есімі (2004-2012 жж. басқарған) дау-дамайдың ортасынан жиі естілетін. Соның бірі ресейлік журналистердің оны банкир-оппозиционер Мұхтар АБЛЯЗОВпен байланысы бар деп айыптағаны болды, ал Байтазиев оны жоққа шығарады.

Ал Талғат Алтыбайұлының жеке басына жанама әсер еткен тағы бір жанжал 2012 жылы заңсыз мұнайға қатысты болды. Айта кетейік, Т.Байтазиев облыста Бергей РЫСҚАЛИЕВ әкім болған кезде зауыттың бас директоры болған. «Бергейдің» ісі бойынша оқиғаның басталуына бір ай қалғанда Т.Байтазиев «өзінің өтініші бойынша» берген арызымен қызметінен босатылды. Бұл шешімнің Ақ Жайық вокзалында мұнай тиелген 11 вагон-цистернаның ұсталуымен байланысты ма дегенді тек болжауға ғана болады. Цистерналар «Petrolinе» ЖШС-не тиесілі болды және зауытқа өңдеуге жіберілген көрінеді. Кейін белгілі болғандай, «Petrolinе» ЖШС басшылары 2011-2012 жылдар аралығында ірі көлемде мұнай және мұнай өнімдерімен заңсыз мәмілелер жасап, кейіннен сотталған. Айтпақшы, сол жылдары Атырау қаржы полициясы 1,8 мың тонна мұнайды «жалған» құжат арқылы өңдеуге тапсырған кәсіпорындарға қатысты кемінде төрт қылмыстық іс қозғады. Бұл ретте мұнайдың шығу заңдылығын және жеткізуші ұсынған құжаттаманың дұрыстығын тексеруге өкілеттігі болмағандықтан Атырау мұнай өңдеу зауытының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі қарастырылған жоқ. Алайда Байтазиев бұл туралы Грузияда, сол кезде 100% "ҚазТрансОйлға" тиесілі Батуми мұнай терминалын басқарып жүрген кезде білді.

Байтазиев туралы БАҚ-та соңғы рет 2016 жылы, негізінен ресейлік басылымдарда оны олигарх, миллиардер және Приднестровьенің сұр кардиналы деп атаған жарияланымдар болды. Белгілі болғандай, Атырау мұнай және газ институтының түлегі Батуми терминалының басшысы креслосын Молдавия металлургиялық зауыты директорының креслосына ауыстырды.

Соңғы мәліметтер бойынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры ҚМГ жүйесінен кетіп, ІТ-технологиялар, шағын әуе тасымалы, Польшамен шекарада жүктерді ауыстырып тиеумен айналысқан. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары Байтазиев туралы жазбайды, олар қазір байдың балаларының әрекеттері туралы оқиғаларда есімі жиі кездесіп жүрген оның ұлы Михаилге қызығушылық танытып отыр. 

Арман Қайырденов

Ол еңбек жолын зауытта технологиялық қондырғы операторы болып бастады.

Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және Rompetrol Rafinare мұнай өңдеу зауытында басшылық қызметтерде болды. Ол «AМӨЗ» ЖШС бас директоры қызметін 2012-2013 жылдары, одан кейін 2021-2022 жылдары атқарды. Екіншісінде ол қызметінен зауыт жұмысындағы кезекті ақаудан кейін кетті. Сонда президент қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын сынап, олардың жұмысы ақшаны жылыстатуға қатысты сұр схемаларға толы екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев солай деді: «Бұл жерде, жәй айтқанда, толықтай ... тәртіп жоқ». «Толықтай» деген сөзден кейін кідіргенде не айтқысы келді, әркім өзінше бағалады, жалпы, мұндай сөздерден кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директорын ауыстыру керек екені анық. Солай болды да, А.Қайырденовтың өзі қызметін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да жалғастырды.

Қайрат Оразбаев

Қала әкімі де, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры да (2013-2016 жж.), Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі аппаратында, «ҚазМұнайГаз» мен "ҚазақОйл" ұлттық компанияларында басшылық қызметтерді де атқарып үлгерген ол да облысымыздың тумасы. Бас директор болғаннан кейін ол «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-не жіберілді.

Бірақ Қ.Оразбаев атыраулықтардың есінде көгалдандырушы (2020-2022) ретінде қалған. Естеріңізге сала кетсек, ол қаңтар оқиғасынан кейін бірден «өз өтініші бойынша» деп берген арызы негізінде қызметінен босатылған болатын. 2023 жылы тағы бір жағымсыз жағдай болды, Қайрат Құлымұлы жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық ісінің аясында екі айға қамауға алынды.

Қ.Оразбаев кеткеннен кейін Ғалымжан Амантұрлин бұл қызметке қайта кірісті, енді ұзақ - төрт жыл басқарды. 2019 жылдың қаңтарында зейнеткерлік жасқа жетіп, ұжымы құрмет көрсетіп, зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. 

Шухрат Данбай

Ғ.Амантұрлин кеткеннен кейін бас директор қызметіне Ш.Данбай тағайындалды. Өзінен бұрынғылардан айырмашылығы ол тек мұнай өнеркәсібімен шектеліп қалған жоқ. Өз кезінде «Павлодар облысының бокс федерациясы» ҚҰ, «Ертіс» хоккей клубының президенті, бірнеше шақырылымның депутаты, тіпті С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі болды. 

Шухрат Данбай Павлодар мұнай-химия зауытының басшылығынан аластатылғаннан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры (2019-2021) қызметіне кірісті. Ал, Павлодардағы зауытта дизельдік отын шығаруға қажетті сутегі өндіру қондырғысы бірнеше аптадан бері жұмыс істемеген болып шықты. Ақыр аяғында құбырды дәнекерлеу жұмысында қате жіберген дәнекерлеуші кінәлі деп танылып, Шухрат Данбай бас директор қызметінен «өз еркімен» кетуге мәжбүр болды.

Бірақ Атырау мұнай өңдеу зауытындағы басшылық қызметі оған жақсы ат берген жоқ. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін зауыттың сол кездегі басшысы және Атырау мұнай өңдеу зауытының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Қанат Сейдуалиев ұсталды. Оны 2022 жылғы 16 ақпанда Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемденіп алу немесе талан-таражға салу» қылмысын жасады деген күдікпен ұстады. 

Тергеудің болжамы бойынша, Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры мен мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы Қанат Сейдуалиев келісім-шарт талаптары мен ЖШС жарғысын бұзған. Данбай зауытқа 2 миллиард теңгеден астам залал келтірген ақаулы қондырғысы бар мұнайды терең өңдеу кешенінің нысанын қабылдау актісін жасаған комиссия құрды.

Айта кетсек, 2020 жылдың 1 қарашасында Атырау мұнай өңдеу зауытында биологиялық тазарту қондырғыларының жұмысындағы кемшілік салдарынан құрамында мұнай өнімдері жоғары болған сарқынды су ағып, апатты жағдай орын алды.

Қылмыстық іске келер болсақ: сот шешімімен Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы басшысы кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға тыйым салынды. Кейін сот екі айыпталушыны да әрекеттерінде қылмыс құрамы жоқ деп, барлық баптар бойынша кінәсіз деп тапты.

«Сот сотталушылардың заңсыз қылмыстық қудалау бойынша қылмыстық процесті жүргізуші органның заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу құқығын мойындады», - деп хабарлады Атырау қалалық №2 сотының баспасөз қызметі.

Шухрат Абдурашитұлынан кейін Арман Қайрденов тағы бір жыл басқарды, ол басы дауға қалған басшылардан кейін дәстүрлі түрде тағайындалатын болды. 

Мұрат Досмұратов

М.Досмұратов 2022-2024 жылдар аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болғанымен, оның есімі зауыттың ресми сайтының мұрағатына әлі енгізілмеген. Бұл қылмыстық істің қозғалуына байланысты болған шығар.

Бұқаралық ақпарат құралдары үшін ең атышулы соттардың бірі болады деп күткен сот процесі аяқ астынан жабық өтетін болды. Алайда бұл журналистердің маңызды оқиғалардан хабардар болуына кедергі болмады, өйткені экс-бас директор соттың ашық өтуін қалады. 

Мұрат Досмұратов ҚР ҚК 371-бабының 2-бөлігі ("Өз міндетін адал атқармау") бойынша соттады. Бастапқыда экс-бас директорға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылғанымен, сот барысында кейбір айыптар сейіліп, соңында салғырттық жасады деген айып тағылды. Жақында Атырауда бұрынғы бас директор кінәлі деп танылған үкім шықты, бірақ ол жеңіл қылмыс жасағанына екі жыл өткендіктен қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бұл ретте одан мемлекет пайдасына келтірілген шығынды өтеу үшін 2 миллиард теңгеге жуық сома өндіріледі. 

Сондай-ақ, ол басшы болған кезде зауытта электр қуаты толығымен өшіп қалғанын атап өткен жөн. Толық қуатында жұмыс істеп тұрған алып кәсіпорынның кенеттен тоқтап қалуы ел естімеген жағдай болды. Одан қалса, бүкіл Атырау жарықсыз, сусыз қалды. Бұған Маңғыстау атом энергетикалық кешенінде (МАЭК) энергоблоктың апатты түрде тоқтауы себеп болды.

Үкімге келсек, Мұрат Әбиұлы онымен келіспей, аппеляциялық шағым түсірмекші.

Ғалымжан Жусанбаев

Басқарғанына көп уақыт өтпей жатып, З.Қабдолов көшесіндегі №1 кіреберіс теміржол жолының аумағында жолдың бір бөлігінде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын бастағанда қала тұрғындарының наразылығын тудырған зауыттың қазіргі бас директоры. Оның айтуынша, бұл зауытқа кіреберіс жолды ұйымдастыру және «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де өндірілген мұнай өнімдерін тиеу үшін вагон-цистерналарын қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Сондай-ақ ол жұмыстар зауытта орын алуы мүмкін деген форс-мажорлық жағдайлар кезінде балама бағыт ретінде әрі "Ақ Жайық" стансасының жұмысын қалпына келтіру үшін жүргізілді. Иә, ол сол 2012 жылы заңсыз мұнай құйылған 11 цистерна табылған станса. 

Сол кезде зауыттың өзінде жағдай мәз емес еді, ұжымда көбіне инженерлік-техникалық қызметкерлермен дау туындағанын да айта кеткен жөн.

Жусанбаев мырза 2024 жылдың ақпанында жанжалға байланысты бас директор қызметінен босатылды. «ҚазМұнайГаз» басқармасы Жусанбаевтың мұнай өңдеу зауытының басшысы қызметінен босатылғанына қарсы болып, оз қызметін сот арқылы қайтарғанын ыңғайсыз көріп, таңданған болар. 

Досмұратов пен Жусанбаев жұмыстан кеткеннен кейін зауытты аз уақыт Атырау қаласының тумасы Абзал ДОСЖАНОВ басқарды. Кезінде мұнай-химия саласында: «Ronpetrol», «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де әртүрлі қызметтер атқарды. А.Досжанов Атырау мұнай өңдеу зауытынан кеткеннен кейін KPI өндірісті басқару қызметінің сарапшысы лауазымына барды. Айтпақшы, оның есімі де Атырау мұнай өңдеу зауытының сайтында басшы ретінде көрсетілмеген. Бәлкім, зауыт тарихында Абзал Серікұлының ең қысқа мерзім басқарғаны себеп болған шығар?

Жалпы, биыл 30 маусымда жұмыстан заңсыз шығарылғанын дәлелдеген Жусанбаев қайтадан зауыт басшысы қызметін атқара бастады. Сонымен қатар ол өзінің ойынша Қазақстанның алғашқы мұнай өңдеу зауытының қызметін әрлі-берлі тартқылағандарға қарсы сотқа талап арыз жазды. Оның ішінде оқиғаны сыртынан бақылаған журналистер де ілігіп қалды. 

Қазір АМӨЗ басынан тағы да маза кетті: бұл жолы зауыт аумағында сақталып тұрған күкіртке қатысты. Оған қоса бас директор Жусанбаев 10 жылға – 2025 жылдан 2034 жылға дейін шығарындыларға экологиялық рұқсат жобасын өткізуге тырысқан жақында өткен қоғамдық тыңдау себеп болды.  

Атырау мұнай өңдеу зауытында оқиғаның қалай өрбитінін болжау қиын, бірақ жалықтырмайтыны анық.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

«АЖ» коллажы

Бүгін, 13:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.