Атырау, 23 желтоқсан 21:57
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Орталық Азия мемлекеттері үшін қылмыстық сот төрелігі саласындағы реформалар талқыланды

149 просмотра
Фото: Жоғарғы сот

Астанада Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) ұйымдастырған Орталық Азия мемлекеттері үшін қылмыстық сот төрелігі бойынша IX сарапшылық форумы өтті, деп хабарлайды Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Форум 2 жылда бір рет өткізіледі және қылмыстық құқық саласындағы реформалардың өзекті мәселелерін талқылауға арналған халықаралық алаң болып табылады.

Оның жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары, адвокаттар, халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия сарапшылары қатысты.

 Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев форумға қатысушыларға жылы лебізін білдіре отырып, Қазақстанды процеске қатысушылардың барлығының құқықтарын құрметтеуге және қорғауға бағытталған теңгерімді жүйенің мықты жақтаушысы ретінде атап өтті.

Мемлекет басшысы қоғамда әділеттілік пен тәртіпті орнатуға ұдайы назар аударып келеді, бұл ретте тиімді сот төрелігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау ерекше орын алады.

А.Мерғалиев 30 жыл ішінде нақты бас бостандығынан айыруға сотталғандар үлесінің тұрақты түрде 60%-дан 38%-ға дейін төмендегенін және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес баламалы жазаларды қолдану туралы атап өтті.

Алқабилер сотының құзыретінің кеңеюіне байланысты олар қараған істердің саны артты (2021 жылы 60-тан 2024 жылдың 9 айында 200-ге дейін).

Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаны ауыстыру туралы өтініштерді енгізу жоспарлануда.

 Алдын алу шарасын таңдау кезінде апелляция рөлі күшейтіліп, электронды білезіктерді қолдану кеңейді.

Бұл Қазақстанға Заң үстемдігі индексінде 142 елдің ішінде 65-орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

Еліміз «Шығыс Еуропа мен Орталық Азия» аймағы бойынша 5-ші орында, «Азаматтық сот төрелігі»санатында 36-шы орында, «Тәртіп пен қауіпсіздік»бойынша 43-ші орында, «Жедел және тиімді қылмыстық сот ісін жүргізу жүйесі» бойынша 20-шы орында.

Жоғарғы Сот Төрағасы кассациялық соттарды құру мәселесіне де тоқталып, қылмыстық процесте тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығын нығайту, тергеу судьяларының өкілеттіктерін кеңейту жөнінде ұсыныстар айтты.

БҰҰ нашақорлықпен және қылмыспен күрес басқармасының Ауғанстан, Орталық Азия, Иран және Пәкістан бойынша аймақтық өкілі, доктор Оливер Штолпе өз сөзінде заңгерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, қоғамның тұрақтылығын нығайтуға, соның ішінде ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі және сыбайлас жемқорлық сын-қатерлеріне тап болған жастарға, сондай-ақ Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыстарын атап өтті.

Оның пікірінше, сараптамалық форум осы саладағы негізгі қатысушыларды – судьяларды, прокурорларды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, адвокаттарды, азаматтық қоғам өкілдері мен халықаралық сарапшыларды біріктіруге бірегей мүмкіндік береді. 

Форум аясында түрлі бағыттар бойынша бірнеше сессия ұйымдастырылды.

Қылмыстық сот төрелігін реформалау мәселелері, соның ішінде заңнама, саясат және әділ сот талқылауын жүргізу құқығын жүзеге асыру, сот төрелігіне қолжетімділік, азаптаулардың алдын алу, қылмыстық-атқару жүйесінің реформасы, бас бостандығынан айырудың баламалары, сот төрелігі жүйесіндегі әйелдердің рөлі және қылмыстық процестерді цифрландыру салаларындағы мәселелер талқыланды.

Сындарлы пікір алмасу болды.

22 қараша, 09:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.