Атырау, 24 желтоқсан 06:17
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

«Мұнара бар, интернет жоқ»: Құрманғазы ауданында зейнеткерлер зейнетақыларын ала алмай жүр

728 просмотра

Құрманғазы ауданы Асан және Асан округіне қарасты Үштаған елді мекені тұрғындары үшін интернет желісінің нашарлығы ауданнан 300 шақырым қашықтықта орналасқандықтан нағыз проблемаға айналды.

Асан және Үштаған елді мекенінде мүлдем интернет желісі жоқ деуге келмейді. 2020 жылдың желтоқсан айынан бері «Kcell»  желісінің 3G интернет байланысы жұмыс жасап тұр. Алайда бұл тұрғындардың сұранысын толық қанағаттандырып тұрған жоқ. Ауыл жиындарында жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету қажеттігі туралы мәселе әлденеше рет көтерілді. Ол үшін 70 метрлік спутниктік байланыс мұнарасын орнату қажет. 

Сөйтіп 2022 жылы аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясында мұнараға 29 млн теңге бөлінеді. «КББ ГруппСервис» ЖШС бұл жұмысты 25 млн теңгеге дейін төмендетіп, тендер ұтып алып, сол жылдың қазанында аяқтауға уәде береді. Алайда ЖШС жұмыстың 78 пайызын ғана орындап, толық аяқтамауына байланысты келісім шарт бұзылады. 2023 жылы ЖК «Дюсемалиева» жұмысты жалғастырып, мұнара құрастыруды бітіреді.

Бірақ екі айдан кейін қатты желдің салдарынан мұнара құлап қалады. Округ әкімшілігі жасаған акт мәліметі бойынша, екпінді желдің жылдамдығы Бофорт шкаласы бойынша  23-28 м\сек жеткен. Кепілдік мерзімі бітпегендіктен, ЖК «Дюсемалиева» қираған мұнараны қалпына келтіреді. Бүгінде мұнара округ балансында, бірақ әлі күнге іске қосылған жоқ.

Бұл бойынша аудан әкімінің орынбасары Марат ХАСАНОВ осы жылдың тамызында «Кселл» АҚ, «Кар-тел» ЖШС, «Қазақтелеком» АҚ мекемелеріне Асан және Үштаған ауылдарын 4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету, сондай-ақ «Қазақтелеком» абоненттерін талшықты интернет желісіне қосу үшін құрылғыларды мұнараға орнатуды сұрап, хат жолдайды.

Ал «Қазақтелком» АҚ филиалы «Желі дивизионы» бірлестігінің Атырау ҚЖПД директоры Т.ИСМАҒАМБЕТОВ Құрманғазы ауданы әкімі Абат ЖАНҒАЛИЕВТІҢ атына бірнеше құжаттардың (сәулет-жоспарлау тапсырмасы; инженерлік-геодезиялық есеп; жұмыс жобасы (қолданылатын материалдың ведомосы, РНС құрылысқа арналған рұқсат); инженерлік-геологиялық ізденістер; мемлекеттік сараптама; пайдалану енгізу актісі; жасырын жұмыстар актілерін қоса алғанда атқарушылық құжаттама; техникалық құжат) көшірмесін көрсетуді сұрап, хат жолдайды. Өйткені құжаттар толық емес, мемлекеттік сараптаманы алу үшін қаржы керек. Осылайша бір-біріне хат жолдаумен шектеліп отырғандықтан бұл мәселе жергілікті тұрғындардың орынды ренішін туғызды. 

- Ұялы байланыс және жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамыз етеміз деген жұмысымыз тоқтап тұр. Мұнара қашан  іске қосылады дәл айта алмаймын, биыл болмауы мүмкін. Тұрғындар тарапынан мұнара қашан іске қосылып, интернет қашан қалыпқа келеді деген сұрақтар жиі көтеріліп жүр. Өйткені біз шалғайда тұрамыз ғой, - дейді Асан округінің әкімі Мақсат МЫРЗАҒАЛИЕВ.

Осы округке қарасты Үштаған ауылына ұялы байланыс және интернет желісімен қамту үшін Асан ауылындағы 70 метрлік спутниктік байланыс мұнарасы арқылы 25 метрлік мұнара орнату қажет болды. Бұл жұмысты ЖК «Кабышева. И. Р.» жеңіп алды.

Бүгінде бетон мұнара жеткізілгенімен, оны тұрғызуға техника сұрап отыр. Бұл жай да шешімін табар емес.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚАШАН ҚОЛҒА ТИЕДІ?

Интернет желісі жылдамдығының аз болуы тұрғындар үшін қосымша қиындық туғызды. Бүгінде қарашаның зейнетақысына 110 адам қол жеткізе алмай отыр.

Жалпы бұрын Асан ауылында пошта болған, оның қысқарып жабылып қалғанына бес жылдай болды. Еңбекақы, зейнетақы, несие, басқа да төлемдер осы пошта арқылы іске асып, жұртшылық аудан орталығына шаба бермейтін. Бірақ жылжымалы пошта осы күнге дейін жұмыс жасап тұрды. 

- Енді зейнетақымызды ала алмай отырмыз, қарашаның аяғы болды, жоқ. Жұбайым екеуміз зейнеткерміз. Жаңа заң шықты, жылжымалы пошта болмайды дейді. Бұрын сол пошта арқылы зейнетақымызды алып келетін. Жолдың түрі анау, орталыққа қалай барамыз? Енді банкомат картасын алыңдар деп жатыр, оны қалай аламыз, білмеймін, - дейді зейнеткер Сағидолла АЛИПОВ.       

Округ әкімі М. Мырзағалиев заңға сәйкес енді жылжымалы пошта болмайтынын, зейнеткерлер банкоматты сенімхатпен «Қазпоштадан» алуды ұйымдастырып жатқанын айтты. Енді бұрынғы пошта бөлмесіне терминал орнатылып, банкомат арқылы зейнетақы алу да ойластырылып жатыр. 

Ал шалғай елді мекен тұрғындары интернет желісі жақсарса дейді.

«АЖ» анықтамасы: Асан ауылдық округінде халық саны - 1222 (Асанда - 577, ал Үштағанда -645). Асан ауылында 112, Үштағанда 144 үй бар. Осы округке қарасты 2 мектеп, 2 клуб, округ әкімшілігі, бір-бірден амбулатория, медпункт, ветеринария, тірек пункті, обаға қарсы күрес мекемесінің филиалы бар.          

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Тұрғындар жолдаған суреттер

19 қараша, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.