БҰҰ мәліметінше, әлемде 1,1 миллиард адам өте кедей жағдайда өмір сүреді, олардың жартысына жуығы – 455 миллион адам қақтығыстар немесе тұрақсыздық белең алған елдердің тұрғындары, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАҚТЫҒЫСТАР КЕДЕЙЛІКТІ КҮШЕЙТЕДІ
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) мен Оксфорд университеті 6,3 миллиард тұрғыны бар 112 елдің он жылдық статистикасын талдап, 20 елде қосымша сауалнама жүргізген. Жұмысының қорытындысы бойынша олар "көп өлшемді" немесе төтенше кедейлік деп аталатын жаһандық индекс бойынша жаңартылған есеп дайындады.
Сонымен бірге, жарияланым авторлары жанжалдан зардап шеккен елдерде деректерді жинау қиын екенін атап өтті. Осыған байланысты кедейлік деңгейі жете бағаланбауы мүмкін әрі нақты көрсеткіштер жоғары болуы ықтимал екенні ескертті. Дегенмен, қолда бар деректер әлі де кедейлік пен қақтығыстардың өзара байланысын дәлелдейді.
Сонымен, соғыс жағдайында халықтың орта есеппен 34,8 пайызы кедейлік жағдайында өмір сүретіні, ал қақтығыс жоқ елдерде адамдардың тек 10,9 пайызы кедей топтарға жататыны анықталған.
БҰҰДБ басшысы Ахим Штайнер соңғы жылдары қақтығыстар күшейіп, көбейіп, құрбандар саны шарықтау шегіне жетіп, миллиондаған адам үйінен кетуге мәжбүр болғанын, олардың өмірін құртып, күнкөрісінен айырғанын айтады.
КӨП ӨЛШЕМДІ КЕДЕЙЛІК
БҰҰ көп өлшемді кедейлікті қаражаттың жетіспеушілігін ғана емес, сонымен қатар белгілі бір қызметтерге қол жетімділіктің жоқтығын білдіретінін түсіндірген. Көп өлшемді кедейлік 10 көрсеткіш бойынша анықталады: Денсаулық (балалар өлімі, тамақтану), білім (оқу ұзақтығы, мектепте оқитын балалар саны) және өмір сүру деңгейі (су, санитария, электр қуаты, тамақ дайындауға арналған отын, активтер, сондай-ақ адамның жынысы).
Соғыс жағдайындағы елдер көп өлшемді кедейліктің барлық аспектілері бойынша ең жоғары көрсеткіштерге ие, бұл қақтығыстар халықтың ең осал топтарына жойқын әсерін көрсетеді.
Мысалы, қақтығыстан зардап шеккен елдерде кедей адамдардың 25 пайыздан астамы электр қуатына қол жеткізе алмайды, ал тұрақты аймақтардағы кедей адамдардың 5 пайызы. Бұдан бөлек балалар өлімі (8 пайыз қарсы 1,1 пайыз), тамақтануға қол жетімділік (20,8 пайыз қарсы 7,2 пайыз) және балалар білімі (17,7 пайыз қарсы 4,4 пайыз) сияқты салаларда да алшақтық байқалады.
Кедейліктің төмендеуі қақтығыс ең жойқын әсер еткен елдерде ең баяу жүреді.
АУҒАНСТАН
Ауғанстан бойынша БҰҰ терең зерттеуді қамтыған, онда 2015 жылдан 2023 жылға дейінгі аласапыран кезеңде кедейлер саны 5,3 миллионға өскен.
Басылым авторлары Ауғанстандағы жанжалдан кейінгі жағдайды зерттеу үшін деректерге қол жеткізіп, талдау нәтижелері алаңдататынын айтады. 2022-2023 жылдары ауғандықтардың үштен екісі кедей болған.
ЕРЕСЕКТЕРГЕ ҚАРАҒАНДА БАЛАЛАР КЕДЕЙ
БҰҰ жариялымына сәйкес, кедей адамдардың жартысынан көбі 18 жасқа дейінгі балалар. Дүние жүзінде балалардың 27,9 пайызы кедейлікте өмір сүреді, ал ересектердің 13,5 пайызы кедейлік шегінде.
828 миллион кедей адамның тиісті санитарлық жағдайы жоқ, 886 миллион адамның тиісті баспанасы жоқ.