К.Сариев көшесіндегі 100 пәтерлік 64 а тұрғын үйінің тұрғындары үйлерінің әлі жылу маусымына дайын еместігіне алаңдаулы. Тұрғындардың көпшілігі жаңа ғимараттан 2019-2020 жылдары пәтер алған - бұл негізінен апатты үйлердің тұрғындары мен көп балалы отбасылар.
Тұрғындар 7 қазан күні кешке «АЖ» тілшісін шақырды. Үй ауласына 20 шақты адам жиналған. Ең алдымен әр жерде шашылып жатқан қоқыстар мен жұпыны ойын алаңында емес, әрігіректе топырақта ойнап жүрген балаларды көзім шалды.
Ашынған ғимарат тұрғындарының айтуынша, бәрі ПИК қызметіне тұрақты ақысын төлеп тұрады, бірақ кооператив өз қызметін атқармайды.
Тұрғындардың бірі Насипа МАМАНОВА ПИК жиналыс өткізіп, оның басшысы тұрғындар ақша жинап, қажетті қосалқы бөлшектерді сатып алған соң үйдің жертөлесіндегі су құбырын жөндеп беруге уәде еткенін айтты. Ақша жиналған, бірақ уәде орындалмады.
– Әр пәтерден 5000 теңгеден жинап, вентильдер алдық. Бірақ ПИК басшысы сантехниктердің еңбекақысын төлеуге, сонымен қатар жөндеу жұмыстары кезінде түскі асқа бөлек төлеуге қосымша қаражат қажет екенін айтты. Ай сайын коммуналдық қызмет ақысын төлемесек, мұның бәрі орынды болар еді. Мысалы, мен зейнеткермін, ал зейнетақым аз. Сондықтан қосымша табыс табуға мәжбүрмін.
...Ауламызды қараңызшы: ай сайын төлеп отырғанымызға қарамастан, әр жерде қоқыс, сыпырушыны да, тазалаушыны да көрмейміз, кіреберіс лас. Әрине, мүмкіндігінше тазалық сақтауға және кіреберістерді өзіміз жууға тырысамыз.
...Жақында жылу беріледі, ал біз дайын емеспіз. Құбырға сынақ жүргізілмеді. Жертөлелердегі су құбырлары жөндеуді қажет етіп тұр, бірақ жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Күн суығанда авариялар басталып, пәтерлерімізде бүрсеңдеп отыратын шығармыз. Не істерімізді, қайда жүгінерімізді білмейміз... – дейді Н.Маманова.
Тағы бір тұрғын Гүлнәр АЙМАҒАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, жақында олар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барғанымен, ол жерден де көмек болмаған.
– Қалалық ТКШ бөліміне барғанымыздан әлі нәтиже жоқ. Тағы кімге жүгінуіміз керек? 70-ке жуық адам әрқайсысы 5000 теңгеден жинап, қажетті вентильдерді сатып алғанымен, жұмыс жасалмай жатыр. Қыс жақындап қалды. Оң жауап ала алмағанымызға бір апта болды, - деп қынжылды Г.Аймағамбетова.
«Не өзіміз жуына алмаймыз, не балаларымызды шомылдыра алмаймыз»
64 а үйінің тағы бір тұрғыны Руслан МҰХАМБЕТОВ жертөледегі су құбыры жөнделмесе, апаттың болатыны сөзсіз деп қосты. Мұндай жағдай бұрын да бірнеше рет болған. Ол жертөледегі су құбырының ақауларын үш рет өзі жөндегенін айтты.
- ПИК-ке хабарлассақ, олар келмейді, жұмыс істемейді. Ал ақшаға келгенде бірден төлеуді талап етеді. Не жұмыс істесін, не кетсін. Кезінде бұл ПИК-тен бас тартқанбыз, бірақ олар тұрғындардың игілігі үшін аянбай жұмыс істеуге ант берді. Одан бері біраз уақыт өтті, енді жертөледегі су құбырын жөндеуге сантехниктерді жібермейміз деп отыр. Ал біз осы жұмыстарға керек нәрсенің бәрін сатып алдық. Енді мұның бәрін өзіміз істеуіміз керек пе? ПИК қызметін төлеп отырмыз ғой, — дейді Мұхамбетов.
Ол сондай-ақ, тұрғындардың жертөле су басқан кезде 60 мың теңгеге сорғы моторын сатып алғанын атап өтті: «Былтыр да қыс мезгіліне дайындық болған жоқ. Пәтерлердегі тұрбалар жылымайды, ыстық шүмектен салқын су ағып тұр".
ПИК: «Ақша жинады, бермей отыр»
Осы жағдайды анықтау үшін «АЖ» ПИК басшысы Шәрипа ЕСТІЛЕУОВАҒА («Шапих» ЖК) жүгінді. Айтуынша, ол осы тұрғын үйге бір ай бұрын ғана қызмет көрсете бастаған. Ол су құбырын жөндеуге ақша жиналып, материалдар сатып алынғанын растады. Жиналған ақшаны өзіне беруді ұсынып, жұмыс аяқталғаннан кейін жұмсалған әрбір теңге үшін есеп беретініне сендірген.
- Тұрғындардың бірі ақша жинады, бірақ оны ПИК-ке бермеді, - дейді Ш.Естілеуова.
Оның айтуынша, уәде етілген жөндеу жұмыстары жүргізілмеуінің басты себебі осы. Айтпақшы, әр сантехникке 30 мың теңгеден және түскі асқа төлеу - сантехниктердің талабы. Сонымен қатар, ПИК басшысы атап өткендей, олардың коммуналдық қызмет көрсетуден түскен кірістерден төленетін жалақысы да бар.
Әңгіме соңында Ш.Естілеуова тұрғындар атынан сенімді адам жертөледегі жұмыстарды бақылауға алып, нәтижесі үшін жауапкершілік алуға дайын болса, жұмысты ертең-ақ бастауға болатынын жеткізді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор