Атырау, 4 қазан 07:06
 ашықВ Атырау +24
$ 482.86
€ 533.17
₽ 5.08

Бекіре өсіру зауытындағы шабақтар теңізге жіберілді

13 455 просмотра

28 маусымда 2 миллионнан астам бекіре тұқымдас шабақтар Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының балық өсіретін тоғандарынан шығарылды. Соның ішінде көктемгі балық аулау маусымында ауланған 300 келілік қортпаның шабақтары да бар («АЖ» №17, 25.03.13 ж., «Үлкен Бекіре күні» жарияланымын қараңыз).

 

БАЛЫҚШЫ ТАҢ ҚАЛДЫ

Шабақтардың теңізге жіберілетіндігі туралы бізге Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының директоры Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВ хабарлады. Бұл Үлкен Қортпаға қатысты эпопеяның соңғы және ең қуанышты кезеңі еді. Біз осы оқиғаны жіберіп алмайық деп, ертелетіп фототілшімен бірге Курилкинге аттандық.

Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының аумағында 20 тоған бар, орташа алғанда әрқайсысы 2 га-дан. Бұл күні 9 тоғаннан шабақтарды теңізге жіберуге дайындық жасалған. Олардың 2-уінде қортпа шабақтары, 1-уінде бекіре шабақтары және 6-уында шоқыр шабақтары бар.

Комиссия құрамына Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ, Балық қорғау инспекциясының Дамбы бөлімінің инспектор-ихтиологы Нұрлыбек ӘШЕНОВ еніп, бақылаушылар ретінде «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Серік БАЙМҰҚАШЕВ, Дамбы балық қорғау инспекциясының бұрынғы бастығы Ибрагим ЕСМҰРАТОВ, «Амангелді» ӨК басшысы Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ, сонымен қатар көктемгі балық аулау маусымының бас кейіпкері, сәуірде 300 келілік балықты ұстап алған «Амангелді» ӨК звеношысы Өмірзақ ӘЗБЕРГЕНОВ қатысты. Айтпақшы, уәде етілгендей, бұл күні оған және «Амангелді» ӨК-нің тағы екі балықшысына Түркияға демалуға жолдама берілді.   

Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВҒилман СӘРСЕМАЛИЕВШабақтарды жүзуге жібермес бұрын оларды санаулары тиіс. Бұл жұмысты көп қажет ететін бірнеше кезеңнен тұратын процесс.

Шабақтардың жалпы санын білу үшін сұрыптап аулау әдісі қолданылады. Арнайы тралдың көмегімен тоғанның бірнеше жерінен ауланады, содан соң арнайы формула бойынша шабақтардың жалпы саны есептеледі, - дейді Ғ. Сәрсемалиев. – Барлық жерде осылай есептейді. Даналап санау мүмкін емес, ол үшін арнайы конструкциялар, шабақ аулағыштар керек.

Әуелі қортпа шабақтарынан есептеуді бастады. Оларды тоғанның түрлі жерлерінен тралдың көмегімен аулады. Бірнеше уақыт өткеннен кейін суы бар ыдыста ірі шабақтар пайда бола бастады. Олар тоғандарда 52 күн өмір сүрген. Осы уақыт ішінде табиғи азықпен – моллюскалармен, құрттармен, бентоспен қоректеніпті.

Шабақтардың көлемі өте жақсы, салмағы шамамен 10 граммдай, - дейді Сәрсемалиев. – Ал ол кем дегенде 6 грамм болуы керек.

Қатысушылар шабақтардың қалай зулай жүзгендерін қызыға бақылады. Ал олардың анасын ұстаған балықшының жүзінен абыржып қалғаны байқалды.

Бұл не, әлгі қортпаның шабақтары ма? – деп сұрады ол таң қала.

Шынымен де, кәнігі балықшылардың өздерінің де бекірелердің тірілей шабақтарын көргендері аз шығар. Ұсақ, тұмсықтары біздей, шабақ балықтан сәл үлкен шабақтар ішіңді елжіретіп, таң қалдырады екен. Бірнеше жылдан кейін олардың өсіп, үлкен балықтарға айналатындығына сену қиын-ақ.

Енді балықшылар балықтарға басқаша қарайтын шығар. Олар еш нәрсенің тегіннен тегін келмейтінін түсінетін болады, - дейді Сәрсемалиев.

 

ЖОЛ БОЛСЫН!

Міне, шабақтармен қош айтысатын кез келді. Санап шыққаннан кейін балық өсіру зауытының жұмысшылары шлюздерді ашты. Келесі күні таңертең тоған босап қалмақ. Қортпаның бүкіл шабағы өзенге түсіп, әрі қарай теңізге кетеді. Жол бойында шығындар болуы даусыз. 

Олар жеткілікті салмақ жинады, жучоктар (бекіре тұқымдастардың денесінде ұзына бойы орналасқан қырлы сүйектер – С.Т.) пайда болды, сондықтан оларға жыртқыштардың тістері батпайды, - деп үміттендірді Сәрсемалиев. – Орташа алғанда өнеркәсіптік қайтарымдылық 1 пайызды құрайды. Мәселен, егер біз 3 миллион шабақты жіберсек, оның 30 мыңы кері келуге тиіс.

Сәрсемалиевтің айтуынша, мәскеулік ихтиологтардың біздің бекіре тұқымдастардың генетикасын зерттеп жүргендеріне екінші жыл болыпты.

– Бұл Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты айналысатын мемлекеттік бағдарлама. Қаржылар ауыл шаруашылығы министрлігінің желісі бойынша бөлінеді. Мәселе мынада, қазақстандық ғалымдар генетикамен айналыспайды. Одақ кезінде бәрін Мәскеуге жіберетін, сондықтан ол жерде қалыптасқан тәжірибе бар. Оларға да қызық, бізге де тиімді. Мәскеуліктер келіп, үлкен балықтардың аталықтары мен аналықтарынан сынама алатын. Енді шабақтардан алмақ. Олардың да өз генетикалық төлқұжаты болады. Шабақтардың гендік кодтары бойынша біз, мәселен 8 жылдан кейін, біздің балығымыз түсті ме, жоқ па, анықтайтын боламыз.

Чип-биркалар орнатуға келер болсақ, Сәрсемалиевтің айтуынша, бұл қымбатқа шығады екен. Бір чиптің құны 5 цент шамасында. Бекіре мен шоқыр шабақтарының салмағы да норма шамасында боп шықты. Ең кішкентай әрі ең көбі шоқыр шабақтары екен.

Шоқыр шабақтары баяу өседі, олардың салмағы үш граммдай, бұл норма шамасында, - дейді мамандар.

Түстен кейін жіберілген шабақтарды есептеді. Жалпы саны: 2 322 000, оның ішінде қортпа шабақтары 345 мың, бекіре шабақтары 268 мың, шоқыр шабақтары – 1 709 000. Биылғы жылдың аяғына дейін екі бекіре өсіру зауыты 7 млн бекіре шабақтарын теңізге жіберуі тиіс.

– Ресейде қуаттылығы 80 млн болатын зауыттар, Иранда қуаттылығы 35-40 млн болатын 5-6 зауыт бар. Әзірбайжанда зауыттар 15 млн шабақтан жібереді. Бұл тұрғыда біз қалыс қалып отырмыз, өйткені бізде бәрі ескірген. Бізге қуатты зауыттар керек, - деп сөзін түйіндеді Сәрсемалиев.

 

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Ибрагим ЕСМҰРАТОВ:

Ибрагим ЕСМҰРАТОВИбрагим ЕСМҰРАТОВ– Зауыттың екеуі де жыл сайын 7 млн шабақтан жібереді, бірақ мұнымен ұдайы өсіріп-өндіруге қол жеткізбейміз. Мен балық аулау ұжымдық шаруашылығында, содан соң «Атыраубалықта» 32 жыл, балық қорғау саласында21 жыл жұмыс жасадым. Осы уақыт ішінде біздің мақсатымыз балық қорларын сақтау болатын. Біз үлкен жұмыс атқардық. Бірақ біздің жұмысымыз көзге көрінбейді, өйткені бізге кедергі келтіріп отыр. Ең бастысы, құқыққорғау органдары балықшыларға жұмыс жасауға кедергі келтіреді. Әркім өзінің қызметтік міндеттерін атқаруы тиіс. Бізде бәрі браконьерлікпен күресіп жүргендей болады, ал іс жүзінде кедергі келтіреді. Қазір кооперативтерге жұмыс істеуге мүмкіндік бермей отыр. Егер олар ауламайтын болса, біз неге қол жеткіземіз? Бізге қуатты бекіре өсіру зауыты керек. Өзіміздің гендік қорымызды, астрахандықтардан үлгі алып, өзіміздің аналық үйірлерімізді өсіруіміз қажет.

 

«АЖ» үшін Ибрагим Есмұратовқа сұрақ қоюдың оңтайлы сәті түскен еді:              – Қазір бауырыңыз Мереке ЕСМҰРАТОВ қайда және ол немен айналысып жүр?   – Қайда кетсін, ол осы жақта, қалада, жұмыс жасап жүр. Оның бұл іске қатысы жоқ қой. Оны ұрып-соғыпты деген сыбыстар айтылып жатыр...                                       Мұның бәрі жәй әңгіме ғана. Ол қазір зейнеткерлікте, бірақ жеке салада жұмыс жасап жүр. Одан тағылған айыпты алып тастады, өйткені Бергей Рысқалиевтің орынбасары боп жарытып жұмыс жасап үлгерген жоқ.

Кеңестік дәуірде Жайықта ерекше мәртебе болды – бұл жоғары санатты өзен болатын, таза судың 35 пайызын ол теңізге берді. Ал енді Одақтан кейін бәрі ойран болды. Жайық тайызданып кетті, таза су жоқ.

Ең соңғы рет 1996 жыл - жақсы уылдырық шашылған кезең болды. Қазір екі зауыттың жіберіп жатқандары мардымсыз мөлшер. Біз 30-35 млн-нан жіберуге тиіспіз. Астрахандықтар қазір өздерінің аналық үйірі есебінен жақсы жұмыс жасап жүр. Бұл процесс Иран мен басқа Каспий өңірі елдерінде өте жақсы жолға қойылған. Дегенмен негізгі уылдырық шашатын жер Солтүстік Каспий боп есептеледі. Біздің балығымызды қалай қорғауға болады? Өсіріп-өндіруді көбейту үшін не істеу керек? Осы сұрақтардың барлығын ихтиологтар шешуге тиіс. Егер осы мәселелерді көтермесе, тіпті өсіріп-өндіру үшін де ертеңгі күні біз балық таба алмай қаламыз.

Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының бас маманы Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ:

Бостан СҮЛЕЙМЕНОВБостан СҮЛЕЙМЕНОВ– Биыл бекіре тұқымдастардың жекелеген түрлері Махамбет, Индер, тіпті Батыс Қазақстан облыстарының аумағы арқылы өткендігі туралы ақпарат бар. Бұл белгілі бір деңгейде өсіп-өну жүріп жатқанын білдіреді. Екінші өзіндік кезең: соңғы кездері ауланған балықтарда бекіре тұқымдастар, әсіресе шағын көлемдегі шоқырлар жиі кездеседі. Бүкіл балық өсіру тарихында мұндай көлемдегі шабақтың жыныстық жетілуге жеткенін мен ешқашан көрген емеспін. Жасанды жағдайда өсірілген кез келген жануар табиғи жағдайда өскен түрлерінен ерекшеленеді. Бұл балық қорлары жасанды өсіп-өндіру есебінен ғана толығып жатыр деп растауға құқық береді. Сондықтан бекіре тұқымдастардың шабақтарын теңізге жіберу – басты міндетіміз.

«Амангелді» ӨК басшысы Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВ:

Мұрат ӘМІРҒАЛИЕВМұрат ӘМІРҒАЛИЕВ– Биыл балық аулау маусымы үкімет қаулысы шаққан соң қысқа болды, оның үстіне ауа-райы да қолайсыз боп, 15 күндей күшті жел салдарынан шыға алмадық. Квотаның төрттен бірін де орындай алмадық. Салыстырар болсақ, біз балық аулау маусымын аяқтаған кезде, Ресейде әлі аулап жатты. Нәтижесінде олар 70 пайыз игерді. Балық аулау маусымын ұзартып, бұрынғы мерзімді қайтару керек деп есептеймін.

 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

2 шілде 2013, 18:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.