Атырауда жиі сезілетін жағымсыз иістерден шаршаған тұрғындарды қаладан көшіп кеткендер мен көшуді ойлап жүргендер және түрлі себеппен қаланы қимай жүргендер мен «қаланың тағдырын бірге көреміз» деп, көндігіп жүргендерге бөлуге болады. Біз тіпті күнде демесек те, аптасына жиі қайталанып тұратын жағымсыз иістерді жаттап та алдық. Бұл - шіріген жұмыртқаның немесе газ, шуаш, шаң мен газ араласқан жүрек айнытар иіс, түтін, немесе кәріз суының иістері. Мұның қашан тоқтайтынын ешкім де айта алмайды. Бірақ, егер жел бағыты арқылы анықтауға болатын ластаушы көздер картасы іске қосылғанда, қайдан келіп жатқанын біле алар едік.
2020 жылы Атырау қаласының ішінде жел бағытына қарай ауаны кімнің ластап отырғанын білуге болатын ластаушы көздердің картасы жасалып жатқаны айтылды. Карта дайын болған соң жарияланатыны туралы да хабарланған. Онымен қайда танысуға болады? Бұл карта қазір қайда? Ол қалай жұмыс істеп жатыр? Осы сауалдарға жауап іздедік.
Бұл картаның жасалып жатқаны туралы 2020 жылдың күзінде Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ «АЖ» тілшісіне берген сұхбатында растады. Бір жыл өткенде департамент басшысының өзі Әлібек БЕКМҰХАМЕТОВ «АЖ» тілшісінің сауалдарына жауап бере отырып, карта әлі дайын болмағанын, дайын болған кезде жариялайтынын айтқан. Картаға бірінші санаттағы кәсіпорындар мен кәріз суын ағызуға арналған «Квадрат» пен «Тухлая балка» булану алаңдарын және қатты тұрмыстық заттар полигоны енгізілген. Картаның толық бітпеген нұсқасын жұмыста пайдаланып отырғаны да сөз болды.
Жоба – «Атырау қаласының шекті рауалы шығарындылар жиынтық томын жасақтау» деп аталды. Тапсырыс беруші – облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Орындаушы – «Nomad Eco» ЖШС. Сол 2020 жылы карта үшін 27 млн 978 мың 571.43 теңге бөлінді. Ақпарат мемлекеттік сатып алу порталында бар.
Біз карта туралы білу үшін оған тапсырыс берген Атырау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ресми сауал жолдадық. Мынадай жауап келді:
«2018-2020 жж. аралығында «Nomad Eco» ЖШС 27,9 млн теңгеге «Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар жиынтық томын жасақтау» дайындаған болатын. Техникалық ерекшелікке сәйкес Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар жиынтық томы және карта жасақталды. Жерге жақын шоғырланулар алаңдарының интерактивті карталары 2020 жылы басқарманың ресми сайтында сілтеме бойынша жарияланды. Алайда 2021 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексі қабылдануына байланысты жоғарыда жасақталған том жарамсыз болып, Басқармамен ҚР Экологиялық кодексінің 205-бабының 1 тармағына сәйкес, 13.12.2022 жылғы келісімшарты негізінде «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-гі «Атырау және Құлсары қалаларының шекті рауалды шығарындылар томы» және электрондық карта жасақтады. Бүгінгі күні «Атырау қаласы және Құлсары қаласы шекті жол берілетін шығарындыларының жиынтық томы» Басқарманың ресми сайтында жарияланды.
Бірінші сілтемені бірнеше рет ашып көріп едік, ештеңе шықпады. Карта да, басқа да көрінбеді.
Басқарма «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС жұмысының қаншаға шыққаны туралы жауабында көрсетпеген. Біз мемсатып алу порталынанбағамен өзіміз танысып көрдік.
Жалпы Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы«ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-імен 2017 жылдан бері үш келісімшарт жасасқан. Олардың бірі ашық конкурс арқылы өткен 31 млн 920 мың теңгенің «Атырау облысының қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу» деп аталатын лоты. Екіншісі –2019 жылы бір көзден сатып алу арқылы өткізілген 23 млн 968 мың теңгенің ««Тайсойған» әскери-сынақ полигонының экологиялық жағдайын бағалау және Ресей Федерациясынан қайтарылған жерді одан әрі пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін полигон аумағында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу» лоты. Ал үшіншісі былтыр ашық конкурста өткізілген 71 млн 120 мың теңгенің «Атырау және Құлсары қалаларының шекті рауалды шығарындылар томын жасақтау» лоты.
Басқарма өз жауабында «Nomad Eco» ЖШС жасақтаған Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар жиынтық томы «жарамсыз» деп нені айтып отырғанын ашып көрсетпеген. Ал Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар картасын сілтемеден көре алмадым.
Сол себепті біз қосымша сауал жолдауға мәжбүрміз. Сонымен бірге бұл жұмысқа бюджеттен қаржы бөлініп, ол жарамсыз екені анықталған соң оған бөлінген бюджет қаржысы кері қайтарыла ма, қаржы «тағдыры» қалай шешіледі?
Басқарма «Жерге жақын шоғырланулар алаңдарының интерактивті карталары 2020 жылы басқарманың ресми сайтында сілтеме бойынша жарияланды» дейді өз жауабында. Бірақ сілтеме іші бос. Осы және қаржыға қатысты сұрақты да біз басқармаға қосымша нақтылау үшін жолдадық.
Нақтылау сауалымызға берген жауаптан түсінгеніміз, ҚР экология кодексінің 418-бабына сәйкес 2021 жылғы 1 шілдеге дейін пайдалануға берілген объектілердің, яғни облыстағы кейбір кәсіпорындардың объект санаттары өзгеруі себепті «Nomad Eco» ЖШС жасақтаған «Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар жиынтық томына» өзгертулер енгізу қажет болған.
Әрі қарай басқарма жауабында былай делінген:
«2022 жылғы 13 желтоқсандағы келісімшарт негізінде «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС-тегі шығарындылардың стационарлық көздерін түгендеп, Экология кодексінің 205-бабының 1-тармағына сәйкес, «Атырау және Құлсары қалаларының шекті рауалды шығарындылар томын» және электрондық картасын жасақтады.
Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар картасы сілтемесі Атырау облысы әкімдігі «Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» ММ құжаттар бітшесінде орналастырылған.
Ал «Атырау қаласының шекті рауалды шығарындылар жиынтық томы мен картасы» «Nomad Eco» ЖШС жасақтағаныүшін жергілікті бюджеттен 2018-2020 жылдары бөлінген 27,9 млн теңге қаржы қаржы толығымен игерілгені айтылады.
Айтпақшы, бұл жолғы сілтеме ашылып тұр.
Айнұр САПАРОВА