Атырау, 25 желтоқсан 06:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Жазғы демалысқа қам жасадыңыз ба?

4 017 просмотра

Сәуірді енді ғана орталағанымызға қарамастан, туристік фирмалар турларды ертерек брондау жөніндегі акцияларды аяқтап тастапты. Енді үнемшіл туристерге ғаламтордан отельдерден арнайы ұсыныстар мен жолдамаларды іздеп табуларына тура келеді.

ТӘРТІПСІЗДІКТЕН ШАЛҒАЙ

Ресейдің туроператорлар ассоциациясы үстіміздегі жылдың жазында туристік индустрияның бәсеңдеп, туристік ағынның азаятындығын жорамалдап отыр. Африка мен Таяу Шығыстағы тәртіпсіздіктер көпшілікті шетелде демалу жөніндегі жоспарларын өзгертуге мәжбүр етті.

Бірқатар атыраулық фирмалардың басшыларының айтуынша, жергілікті туристер үшін Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жолдама 5-10 пайызға қымбаттаған. Алайда бұл қымбаттауды операторлар инфляцияға жабуға бейім. Қазан айында басталған бүкіл маусым бойына Әмірліктерге ұшатын рейстердің бірде-біреуі бос кетпеген. Ал ол жерге ұшақтар аптасына екі рет ұшады. Жазғы маусымға билеттерді ертерек брондап қою акциясы да табысты өтті. Мұнда туристік жолдамаларды 30 пайызға дейінгі жеңілдіктермен сатып алуға болатын еді.

Тікелей тәртіпсіздіктер орнаған жерлерге тоқталайық: «Мысырға жолдама сатудың тоқтатылғанына көп болды. Осы елдегі тәртіпсіздіктердің салдарынан алдын-ала төленген турлар үшін клиенттерімізге ақшаларын қайтарып бердік. Мысырға барғысы келетіндер әзірге бізге келген жоқ. Біздің өзіміз де ол бағытқа жолдама ұсынбаймыз», - дейді жергілікті туристік фирмалардың бірінің директоры Г.Оңдапбергенова.

 

ҚЫТАЙ ДА ТАНЫМАЛ БАҒЫТ

Жергілікті туристік нарықтағы таңдау Алматыға қарағанда жұтаңдау. «Атыраулықтар негізінен тек Түркия мен Әмірліктерде демалады деп айтуға болады. Тіпті Әмірліктерге олар демалуға емес, көлік әкелуге жиі барады. Қытайға да солай. Біздің клиенттеріміздің көпшілігі Үрімші мен Ганжоуға 3-6 күнге шоп-турға барады. Бұл аяқтарынан нық тұрған кәсіпкерлерге қатысты. Жаңадан сауданы қолға алғандар бәрінен үнемдеуге тырысады. Сондықтан да Аспанасты еліне Алматы арқылы жетеді, виза мен көлігінен үнемдейді. Атыраудан Қытайға тікелей ұшатын рейс жоқ. Тек Алматы немесе Астана арқылы ғана ұшады. Қытай демалыс пен ем алу үшін қызықты бағыт ретінде тек соңғы кездері ғана танымал бола бастады. Алайда мұндай туристердің саны тез көбеймей отыр», - деп жергілікті турфирмалардың бірінің директоры өз байқауларымен бөлісті.

Жерорта мен Эгей теңізінің жағалауындағы демалыс рейтинг бойынша әлі де жоғарғы орында тұр. Ол балаларымен бірге демалысқа шығу үшін оңтайлы бағыт. Мұнда бүкіл ұсыныстар, бүлдіршіндерге арналған түрлі бағдарламалар, аниматорлар және т.б. енгізілген. Тайландқа барушылар саны анағұрлым азайған, бірақ ол бұрын да «отбасылық демалыс» тұрғысында Түркиямен бәсекеге түсе алмайтын еді. Оңтүстік-шығыс Азияның орталығына сапарлау экскурсиялық сипатта ғана болды. Индонезияға саяхат жасау – ең алдымен Бали аралында демалу, жағажайлар, теңіз серуені мен көне храмдарды аралау. Виза рәсімдеуде бас қатырудан қорықпайтындар үшін бұл анағұрлым қызықты бағыт.

  

ГОАҒА САПАР

«Бүгінде танымал бағытқа айнала бастаған бағыттардың бірі Үндістан, әсіресе, екі Оңтүстік және Солтүстік курортқа бөлінген Гоа аралы. Солтүстік курорт жастар үшін анағұрлым қызықты әрі қолжетімді. Түнгі өмірі, түрлі көңіл көтеретін серуендері тұрғысында ол Ибицаға ұқсайды.

Түнде курорт белсенді тіршілік етіп, күндіз бәрі тынығады. Бағалары да қонымды. Осындай демалысты ұнататындар әуе компаниясының арнайы ұсынысын бақылап отырады. Соның арқасында олар тек демалыстарын ғана емес, ұшу сапарларын да үнемдей алады. Оңтүстік курорттағы демалыс қымбатқа түседі – бұл жақтағы отельдер жоғарғы классты боп келеді», - деп әңгімеледі С.Оңдапбергенова.

Атыраудан ұшып шығатын Үндістандағы бір апталық саяхат 1200 доллардан басталады.

Еуропалық турларға сұраныс, әрине, Әмірліктер мен Түркиядан төмен. Ол жақтарға визаны рәсімдеу қиынырақ, ұшу сапары да қымбат. Еуропалық бағытта Чехия анағұрлым танымал. Біздің адамдар ол жаққа негізінен емделуге барады, тиісінше, екі аптадан кем емес уақыт болады.

Каврловый Варыда он күн болу ұшу сапарымен бірге 1300 еуродан басталады. Бұдан басқа, Шенген визасы болғандықтан бірден бірнеше елге баруды жоспарлайтындар үшін Чехия кеңінен танымал.

Ал қазіргі кезде туроператорлар Әмірліктерге баруға кеңес береді. Осы бағыт бойынша келтірілген дәлелдер де жеткілікті: климаты жақсы, ауа-райы қолайлы (30-32 градус), уақыт пен ақшаны үнемдеуге мүмкіндік беретін тіке ұшатын рейс және әрине, шопинг жасауға болады.   

Зульфия ИСКАЛИЕВА

13 сәуір 2011, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.