Атырау, 5 қазан 01:24
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Өлі» төлқұжатқа ие болған қылмыскер

3 086 просмотра

Қалалық әділет басқармасында  адам өлтіргені үшін іздеуде жүрген  қылмыскерге өлген адамның атымен төлқұжат берілген.

Заңсыз құжаттың иесі Шығыс Қазақстан облысының тумасы, ұзақ уақыт бойы іздестірілуде болған. Және ол марқұм болған адамның атына берілген құжатпен Қазақстан-Ресей шекарасынан еш алаңсыз бірнеше рет өткен болып шықты.

Өлген адамның атына заңсыз төлқұжат беру фактісін облыстық прокуратура анықтады. Дау-дамайлы тергеудің мән-жайы Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасында келтірілді.

«Гурьев қаласының тумасы, 1972 жылы туған  азамат Ж. 2002 жылғы 23 мамырдағы өлгендігі туралы куәлікке сәйкесті Атырау қаласының Ақжар селосында өкпе-жүрек сырқатының салдарынан қайтыс болған.

2008 жылы мамырда белгісіз бір тұлға өлген адамның атынан Қазақстан Республикасы азаматы ретінде төлқұжат алуы үшін қалалық әділет басқармасына өтініш жазады, соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі 2008 жылдың 2 маусымында өтініш берушінің атына төлқұжат береді.

Сонымен бірге өлген адамның атынан «белгісіз бір тұлғаның» аталмыш төлқұжатпен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекарасынан Атырау облысы «Құрманғазы» жіберу қосыны арқылы 5 рет өткендігі анықталды.

Атырау облысы ІІД мәліметтеріне сәйкесті тексеру нәтижесінде шын мәнінде төлқұжатты кісі өлтіргендігі бойынша ұзақ уақыт іздестірілуде жүрген Шығыс Қазақстан облысы тумасының алғандығы анықталды».

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің басшысы Светлана ЖҰМАШЕВАНЫҢайтуынша, тексеру материалдары сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстармен күрес жөніндегі департаментіне іс жүргізу шешімін қабылдау үшін жолданды.

Қалалық әділет басқармасында бұған қатысты түсінік беруден бас тартты: «Қазір тергеуді қаржы полициясы жүргізіп отыр, ешқандай түсінік бере алмаймыз,-деді телефон арқылы қалалық әділет басқармасының бастығы Сағынбай ТҰРҒАРИН. -Кім кінәлі және ол қалай болды, оның бәрі тергеу аяқталғаннан кейін анықталатын болады».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА  

7 сәуір 2011, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.