Атырау, 22 қараша 18:36
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

​Әлемде бала туу көрсеткіші күрт төмендеп барады

536 просмотра

2100 жылға қарай 23 елдің халқы екі есе азаяды деген болжам бар. Өйткені көп ел бала туудан қашқақтайды, деп хабарлайды 24KZ

Әсіресе, Италия, Оңтүстік Корея мен Жапонияда халық саны 61 миллионнан 28 миллионға дейін күрт төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайды болдырмас үшін қайтпек керек? Кей елдер отбасыларды балалы болуға ынталандыру үшін қаржылай көмек беруге тырысады. Дегенмен, сарапшылар мәселе ақшамен оңай шешілмейтінін, мұндай саясат жеміс бермейтінін алға тартады. Оған әсер ететін жайт көп.   

Кәрі құрлық қартая береді 

Еуропа Кәрі құрлық деген атауға мәңгі ие болатын түрі бар. Өйткені мұндағы туу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп барады. 2008 жылдан бері жаңа туған сәби саны 200 мыңға азайған. Яғни, демографиялық құлдырау бар. Былтыр мәселені шешуге Италия үкіметі бала тәрбиесіне деп 1 млрд еуро бөлген еді. Алайда, демографтар бұл шаралар жеткіліксіз дейді. Өйткені еуропалықтар ұрпақ қамына бас қатырмайды. Әрі биліктің жасанды түсік жасату туралы әзірлеп отырған заң жобасы, қоғамда даулы мәселеге айналып отыр. Бұл бастамаға билік ана мен бала тағдырын қорғау десе, әлеуметтанушылар мен қара халық адам құқығын қорлау деп қарайды. 

Шиваджи Дас, демограф: 

- Қазірде Еуропа елдері, Қытай, Жапония, Сингапур сияқты бірқатар мемлекет, халық санын өсіру үшін түрлі амалды қарастырып әлек. Дегенмен, статистикалар оны жоққа шығарады. Әрекет бар, нәтиже жоқ. Себебі, өмірге ұрпақ әкелу туралы түсінік әртүрлі. Сол себепті, материалдық тұрғыдан қолдау бос әурешілік.   

Жасанды түсік туралы сөз болды... Қазір «Демографияға» зиян тигізеді деп жасанды түсік жасатуға тыйым салып жатқан елдер бар. Соның бірі – АҚШ. Биыл мамырдан бастап Флорида штатында жүктіліктің 6 аптасынан кейін түсік жасатуға тыйым салынды. Мәселеге қатысты қоғам пікірі қақ бөлінген. Жалпы мұндай тәжірибені Румыния 1966 жылы қолданып көрді. Жасанды түсік жасатқандар мен дәрігерлер жауапқа тартылып, түрмеге қамалды. Нәтижесі сәтсіз болып, 1989 жылы заң күшін жойды. Өйткені заңсыз әрекеттер белең алып, ана өлімі көбейді. Сол жылдың өзінде, 10 мың жүкті әйел көз жұмған.

Лия Робертс, эндокринолог: 

- Өкінішке қарай түсік жасатуға қарсы заңдарды медицина ғылымын түсінбейтін адамдар жазады. Әйел баласын түсік жасатуға негізінен түрлі жайт итермелейді. Сондықтан үзілді-кесілді тыйым салмай, әйел денсаулығын жақсартуға күшті көбірек жұмсау керек деп ойлаймын. 

Франция бала санын көбейте алмай әлек

Бала туу көрсеткішін көтере алмай бас қатырып отырған мемлекеттің бірі – Франция. Былтыр 678 000 сәби дүние есігін ашқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ке аз. Президент Макрон бала күтімі демалысын қысқа, бірақ ыңғайлы мерзімге ауыстыру маңызды екенін айтты. Сондықтан енді жаңадан ата-ана атанғандар алты айлық демалысқа шыға алады. Жәрдемақы төленетіндіктен анасымен қоса әкесі де декреттік демалыс алып, нәрестеге бар уақытын арнай алады. Әрі Франция әлемде бірінші болып, биыл 8 наурызда әйелдердің жасанды түсік жасату құқығын Конституциямен бекітті.

Жасалып жатқан шараларға қарамастан, әлемдік демографияның болашағы бұлыңғыр. Сарапшылар 2050 жылға қарай әлем елдерінің 75%-інде туу көрсеткіші төмендейтінін айтады.

30 мамыр, 13:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.