Жылыой аудандық сотының үкімімен Құлсары қаласында қарақшылық шабуыл жасағандар жеті жылға сотталды.
Тепсе темір үзердей жігіттер алдын-ала сөз байласу арқылы өздерінше «күнкөрмек» болыпты. Сөйтіп А. және С. өткен жылдың 13-қазанында ел шырт ұйқыда жатқанда алғашқы жорығына шығады. Алдын-ала ұңғысы мен дүмбісі кесілген шолақ мылтықпен қаруланған екеу меншіктеріндегі «Тойота» машинасына мініп, Құлсары қаласындағы «Жылыой‑Продукт» ЖШС‑не қарасты «Болашақ» жанар-жағармай құю бекетіне келеді. Түн ортасында мұздай қаруланған екеуге еш қарсылық көрсете алмаған оператор кеудесіне тақалған мылтықтан қорқып, сейфті ашып береді. Сөйтіп әлгі екеу сол мезетте 500 мың теңгені қалталарына басып, тайып тұрған. Дереу полицияға хабарлағанмен екі қарақшы ізін суытып үлгерген‑ді, оның үстіне оператор да жарытып ештеңе айта алмайды, себебі екі қарақшы да бетперде киіп алған еді. Жарты айдан кейін бетпердемен жүзін жасырған әлгі екеу «Шипа» дәріханасының кассасын үптеп кетеді. Қарақшылар көп жата алмай, бір айдан кейінгі жорығын дүкен тонаумен жалғастырған. Бұл жолы «Қайырбек» дүкеніне келіп, бірі мылтықты кезеп, екіншісі пышақты ішіне тақап тұрып, кассадағы бар ақшаны жымқырып кетеді. Ал дүкенші түн ортасындағы екі қарақшының қолындағы суық қаруды көріп, есінен танып құлап түскен еді.
Екі қарақшы да ұсталып, ҚР ҚК 179-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс көтеріліп тергелген. «Жуырда аудандық сот екеуін де жеті жылға соттады»,‑дейді Жылыой аудандық прокурорының көмекшісі Алмабек ШУКАМАНОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА