Билік осы аптада Жылыой ауданы Құлсары қаласында тұрғын үйді бағалау нәтижесін беру жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, өткен тәулікте 400-ден астам тұрғын бағалау қорытындысын алған. 209 тұрғынға тұрғын үйді қалпына келтіруге қаражат аударылған.
- 47 отбасы тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін төлем алды, тағы 162 адам жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қаражат алды, - деп хабарлады 22 мамырда облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі штаб.
Естеріңізге салсақ, су тасқыны 3 мыңға жуық жеке тұрғын үйге зақым келтірген. Бағалау комиссиясы 1000-ға жуық үйді апатты деп таныды.
– Бүгінде 484 адам өтемақы келісіміне қол қойды. Оның ішінде 189 үй бұзылуға, 295-і жөндеуге жатады. Сондай-ақ, бағалаушылар 1450 нысанның қорытындысын дайындап, оның 1364-і таратылды, - деді Атырау облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан ЖҰМАҒАЗИЕВ.
150 АЕК мөлшерінде мүліктік залалды өтеуге барлығы 2707 өтініш түсіп, оның 416-сы бойынша қорытынды дайындалды.
Құлсарыда бағалаушылармен келіспейтін тұрғындар да, бағалау нәтижесін әлі алмағандар да бар.
- Бағалау нәтижесінің сомасымен келіспеген тұрғындар келіспеу себептерін көрсетіп арыз жазуы керек, олардың өтініштері келесі аптада барлық үйді бағалау аяқталғаннан кейін қайта қаралады, - дейді Р.Жұмағазиев. - Бағалаудың өзіне келер болсақ: оның нәтижесі үйлерді техникалық тексеруге негізделген. Бұл жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына да қатысты. Жөндеу жұмыстары үшін төлем мөлшері нысанның жағдайына, құрылыста қолданылатын материалдарға және т.б. байланысты болады. Сома әртүрлі, ол техникалық тексеруге және басқа да факторларға байланысты.
Естеріңізге салсақ, 22 мамырда су тасқынынан зардап шеккен құлсарылықтардың бір аптаға созылған митингі аяқталды. Тұрғындар зақымдалған тұрғын үйдің шаршы метрі үшін 400 мың теңге өтемақы талап етті. Жергілікті билік бұл нарықтық баға деп, шаршы метрін 200-240 мың теңгеден ұсынды.
Соңғы ресми мәлімет бойынша, Жылыой ауданында 3613 отбасы 100 АЕК көлемінде біржолғы жәрдемақы алған. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 1 миллиард 387 миллион теңгені құрайды.
Белгілі болғандай, есептеу арнайы бағдарламалық жүйе арқылы жасалады, оған бүлінген мүліктің, мысалы, ламинаттың, линолеумнің және т.б. құны кіреді. Есеп алған тұрғындардың айтуынша, бағдарламада үйлерді салып, қалпына келтіретін жалдамалы жұмысшылардың еңбегіне берілетін сома қамтылмаған.
Айнұр САПАРОВА