Атырау, 24 қараша 10:22
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Есбол ауданындағы қыстақтың су тасқынынан кейінгі тіршілігі

Сурет
1 221 просмотра

«АЖ» тілшісі тасқын судан зардап шеккен Индер ауданы Есбол округіне қарасты «Қызылжар» қыстағындағы шаруа қожалығында болып қайтқан еді.

Шаруа қожалығы Есбол ауылынан бес, Жайық өзенінен үш шақырым жерде орналасқан. Тасқын судың ортасында қалған шаруашылықтың қазіргі кейпін көру үшін ТЖ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен моторлы қайықпен баруға тура келді.

 


- 1993-1994 жылғы тасқыннан биыл су көп келді. Ауылдың қауіпті деген жерлеріне бөгет тұрғызып, аман сақтап қалдық. Алайда кейбір далалықтағы шаруашылықтарды құтқару мүмкін болмады, дер кезінде малдарын қауіпсіз жерге шығарғанымен, қыстақтары су астында қалды, - дейді округ әкімі Асхат ТІЛЕКҚАБЫЛ.

Үй мен қоралар, гараж, кейбір техникалар кілкіген су астында тұр. Тіпті үйдің бір жақ бөлігі қисая құлапты.

- Осы жерге табан аудармастан қыстағаныма 22 жыл болыпты. Жайылысы мол, су жақын болғандықтан басқа жерге айырбастаған емеспін. Былайынша жағдайымыз жаман емес, төрт түлік бар. Бізге далалыққа айдау жөнінде алдын-ала ескертті. Бірақ қыстағымызды көшіре алмаймыз ғой, кейбір керек-жарағымызды алдық, қалғаны су астында қалды, - дейді қожалық иесі, ауған соғысының ардагері Жексенғали УМИРАЛИЕВ.     

 

Жексенғалидың айтуынша, тасқын су 9 мамыр күні келіпті. Бір күн бұрын алыстау жерге ағайын-туыстың арқасында киіз үй тіккен. Оның да құрал-жабдығын табу оңай болмапты.

- Үйіміз жартылай саман тастан, жартылай ракуштан салынған. Онымен бірге үш мал қора, гараж бар. Осылардың бәрі су астында тұрғанына 14 күн болды. Енді ортасына түсіп, құлап жатыр. Техникаларды несиеге алғанбыз. Енді қыстақты қалпына келтіру үшін үкіметтен көмек күтеміз. Өйткені үй тұрғызып, қора салу оңай емес, материал бағасы қымбат. Басқа да шығындар бар, осының бәрі әділ есептелсе дейміз. Қаржылай көмек берсе, өзіміз жасап алар едік, - дейді Ж. Умиралиев.

Индер ауданында көктемгі су тасқыны салдарынан 17 га екпе шөп, 2 га жеміс ағашы, алты мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтың қыстақ және қоражайлары  зардап шекті. Атап өтерлігі, мал шығыны орын алған жоқ. Себебі, қауіпті аймақтардағы қожалықтардың мал басы алдын-ала бекітілген қауіпсіз аймақтарға көшірілген.  

- Қазіргі уақытта аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары аталған шаруаларға келтірілген залалды айқындау жұмыстарын бастап кетті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бекіткен қағидалары бойынша арнайы комиссия құрылып, акт жасалып, есебі жүргізіледі. Комиссия қорытындысымен нақты шешім қабылданады. Бұл жұмыстардың барлығы 1 ай ішінде аяқталады,- деп хабарлайды Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мамбетқали ҚҰСАЙЫНОВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді және бейнежазбаларды түсірген автор

23 мамыр, 14:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.