Мұрат МӨҢКЕҰЛЫНЫҢ туғанына 180 жыл және Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫНЫҢ туғанына 140 жыл толуына орай ауқымды ғылыми жобалар байқауы ұйымдастырылды.
“Тарих және рухани сабақтастық” республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында аудан әкімі Қ.АЗМҰХАНОВТЫҢ ұсынысы негізінде Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы, ректор Саламат Идрисов аудан тұрғындарының арасында білім гранты бөлетінін жеткізген еді.
Шараға Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің «Психология және педагогика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты Ғабит БАЗАРҒАЛИЕВ, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің зейнеткер ұстазы Гүлшара САРЫ мен аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынгүл ТҰРҒАЛИ қазылық етті.
Аудандық конкурсқа жан-жақты, тыңғылықты дайындалып келген жас зерттеушілер Халел туралы өздерінің зерттеу жұмыстары мен тың тақырыптары барысында ғылыми жобаларын қорғады.
Нәтижесінде, Халелдің лингвистің қырын толық зерттеп, тың идеяларды ұсынған Жаңашаруа орта мектебінің оқушысы Айнелья БАҒЫТЖАН жарыс жеңімпазы атанды.
Ал, «Ғасыр ғалымы-Халел Досмұхамедұлы» тақырыбында жоба қорғаған Ғ.Сланов атындағы орта мектептің оқушысы Айбар НҰРНИЯЗ екінші, Халелдің Мұрат жырларын зерттеудегі ерекше еңбегін баяндаған Б.Аманшин атындағы орта мектептің түлегі Фатима АЛЕКСАНДР және Халелді жапондардың реформасымен байланыстыра зерттеген Жаңашаруа қазақ орта мектебінің оқушысы Нұрдәулет АМАНГЕЛДІ үздік үштікті түйіндеді.
Қатысушылардың тың идеясы мен зерттеушілік қабілеттерін бағалаған қазылар алқасының төрағасы Ғабит Базарғалиев жарыс жеңімпаздарына тегін оқуға және арнайы белгіленген жеңілдіктер жолдамасы Атырау қаласында өтетін арнайы кеште, қасиетті тұлғаның есімін алып отырған Атырау университетінде табысталатынын жеткізді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА