Новороссийскіге дронмен шабуыл жасалды. Каспий құбыр консорциумы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды KAZINFORM.
Еліміздің Энергетика министрлігінің мәліметінше, Новороссийск муниципалды құрылымындағы Каспий құбыр консорциумының нысандары Новороссийск теңіз портында ғана орналасқан.
«Қазіргі уақытта Каспий құбыр консорциумының барлық нысаны штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деді ведомстводан.
Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, бейсенбіден жұмаға қараған түнде Новороссийск қаласы мен теңіз порты дрон шабуылына ұшыраған. Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьевтің мәлімдеуінше, украиндық дрондар Новороссийскіде азаматтық нысандарға шабуыл жасауға тырысқан. Олардың бәрін әуеден шабуылға қарсы күштер қағып түсірген. Губернатор дерегінше, дрондардың құлауы салдарынан өрт шыққан. Бірақ зардап шеккендер жайлы алдын ала мәлімет жоқ.