Досымов атындағы №12 орта мектептің 8-сынып оқушысы Мұрат АЙДЫН көпқабатты үйдегі өртеніп жатқан, құлыптаулы пәтердің есігін бұзып, 8 жасар баланы сыртқа алып шығып, төменгі қабаттағы зейнеткер жұпты сыртқа шығарып, ерлік жасады.
- Пәтердің есігін ашу оңай болмады. Көршілер екі рет балға әкеліп берді. Біреуі сынып, екіншісімен азар дегенде аштым. Ішке кірсем бала өрттің ыстық лебімен мен түтіннен әлсіреп қалған екен. Лезде төменге түсіріп пәтерге қайта кіріп, іште басқа адамдар бар ма? - деп тексердім. Ол кезде пәтер лаулап жанып жатты – дейді Айдын.
Одан соң Айдын төменгі қабатқа түсіп, балконына өрт түскен 3-ші қабаттағы пәтердің есігін қаққан. Ерлі-зайыпты қариялар болып жағдайдан бейхабар екен. Сол мезетте балконға су шашып өртті сөндіріп, қарияларды сыртқа шығарған.
Атырау облыстық Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света АМАНШИЕВА ерлік танытқан оқушыға алғыс білдіріп, Ресей Федерациясының Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» пансионатында тынығуға жолдама табыс етті. Батыл ұл тәрбиелеп отырған ата-анасын Білім беру басқармасының «Алғыс хатымен» марапаттады.
Айдын Мұрат – белсенді оқушы, қазақтың дәстүрлі ән жанры бойынша облыстық, республикалық конкурстар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстардың жүлдегері, деді Атырау облыстық білім басқармасы.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ