«Ақ Жайық» редакциясының Нұрсая ықшамауданында 10 миллиардтан астам теңгеге бір шақырымдық жол салынып жатқаны туралы жарияланымынан кейін тұрғындар арасында үлкен пікірталас туды.
Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл қаражаттың нақты қандай жұмыстарға жұмсалатыны жөнінде түсініктеме берді.
Бөлімнің бас маманы Қуанышбек ҚАБДЫҒАЛИДЫҢ айтуынша, қаражаттың басым бөлігі жол төсеу үшін жерді дайындау жұмыстарына жұмсалады.
- Жол төселетін аумақ бұрын қаланың сыртында болғандықтан сол кезде Атырау облысының аудандарын электр энергиясымен қамту үшін жүргізілген жоғары кернеулі 110 киловаттық ток желісі жұмыс істеп тұр. Қаланың бас жоспарына сәйкес сол аумақта әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне байланысты бетон бағандармен жүріп жатқан 110 киловаттық жоғары кернеулі ток желісін жер астымен жүргізу туралы шешім шығарылып, жоба мемлекеттік сараптамдан өтті. Жолға бөлінген қаржының басым бөлігі, яғни 7 млрд теңгеден астам қаражат ток желісін жерастымен жүргізуге жұмсалады. Бұл электр желісінің ұзындығы 24 шақырымды құрайды, - деді Қуанышбек Қабдығали. - Қалған қаржы 1 шақырым 100 метрдей жолға жұмсалады. Оның ішінде жаяу жүргіншілер жолы, велосипед жолағын салу, заманауи жылы аялдамалар, Бином мектебі қасынан автотұрақ салу, көше жарығы, жол жиегіне арықтар салу жоспарланып отыр.
Бұл жұмыстарды «КазСервисГрупп» ЖШС мердігер мекемесі орындайды. Жұмыстарды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарланған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ