15 мамыр күні таңертең Жылыой ауданы Құлсары қаласының қарғын судан зардап шеккен жүздеген тұрғыны аудандық әкімшіліктің алдына жиналды. М. Өтемісұлы даңғылын (әкімшілік ғимараты алды) жауып тастаған тұрғындарды сарбаздар мен полицейлер сырттарынан бақылап тұрды.
Еске салсақ, құлсарылықтар үйдің шаршы метрін 400 мың теңгеден беруін талап етіп, елбасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына Үндеу жолдаған болатын.
Зардап шегушілерге үй жалдау, басқа да қажеттіліктерге 100 АЕК көлемінде, жалпы 1 млрд 350 млн теңге біржолғы төлем берілді. Халықтың бір бөлігі үй жалдап, болмаса тума-туыстарын сағалап кетсе, ал эвуакацияланғандар Теңіз кенішіндегі жатақханаларда уақытша тұрып жатыр.
Қарғын судан 2900 үй мен жүздеген коммерциялық нысандар зардап шеккен болатын. Осы зардаптарды анықтап техникалық зерделеу арқылы баға берушілер жұмыс жасап, 15 мамырда бағалау қорытындысы шығады деп жариялап, алдын-ала мәлімдеді. Қаланың «Жадырасын-1», П. Бекбосынов, С. Дүйсенбеков, С. Датов, С. Шәкірова, Ақжар, М. Мөңкеұлы көшелері мен «Мешіт ауыл», «Береке-2» ықшам ауданындағы барлығы 106 үйдің бағалау қорытындысы таныстырылатын болды. Аудандық әкімшіліктің мәлімдеуінше, бұл жұмыстар әлі жалғаспақшы. Бағалау қорытындысын сарғая күткен халық бұл жұмыстың ұзаққа созылып кеткеніне реніштік танытты.
Жұртшылық алдына шыққан аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ жиналған көпшілікті сабырға шақыра отырып :
- Біз тек заң аясында баспана мәселесін шешетін боламыз. Жұмыс жүріп жатыр. Баспанасы жөндеу қажет деп танылғандарға қаржы қолына беріледі. Егер үйі апатты деп танылса жаңа тұрғын үй салып беру немесе Атырау облысының кез-келген жерінен үй сатып алуына болады. Бірақ ол қаржы қолына берілмейді, үй сатқан адамның есепшотына аударылады,-деді.
Оның айтуынша, зардап шегушілердің баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі бар.
Алайда әкімнің бұл жауабына қанағаттанбаған көпшілік сұрақты жаудырумен болды.
- Сәуірдің 5-і күні үйіміз суға кетті. Қырық күннен бері жүрісіміз мынау, туысты сағалап. Біздің талабымыз, бірінші үйдің шаршы метрін 400 мың теңгеден есептеу, екінші - мүлікке ақша жеке бөлінсін, үшінші - моралдық зиян төлеу, ай сайын біз үй алғанша жәрдем берілсін. Неге мәселені тездетіп шешпейді? - дейді Айгүл АМАНҚОСОВА.
- Менің үйім жарамсыз деп танылды. Қолымызға қажетті деп танылған ақшаны берсін. Үйді өзіміз салып аламыз. Үй салып береміз дейді, үкіметтің салған үйін көріп отырмыз, сапасыз салып береді де құтылады. Сол себептен шаршы метрі 400 мың теңге болатын ақшаны қолымызға берсін,-дейді қала тұрғындары Жайлаш МҰҚАНОВА, Қуаныш САТЫБАЛДИЕВ.
Бұдан әрі жиналғандар уақытша тұруға ағаш үй алып беруін талап етті. Себебі, қалада жалдайтын үй қымбат, әрі жоқ көрінеді. Сонымен 106 үйдің қалай бағаланғаны түстен кейін жария болатын болды.
Бірнеше сағаттап тұрған қала халқы әлі тарқамады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Құлсарылықтардың чатынан алынған сурет пен бейнежазба