Атырау, 22 қараша 18:33
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Грузия парламенті "шетел агенті туралы" заңды мақұлдады

439 просмотра

14 мамырда Грузия парламенті соңғы үшінші оқылымда "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" даулы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Сыншылар оны Ресейдегі "Шетел агенті туралы" заңға теңейді.

Құжатты қолдап 150 депутаттың 84-і дауыс берді, олар — заң жобасын ұсынған "Грузия арманы" партиясының өкілдері мен олардың одақтастары. Заң жобасына 30 депутат қарсы дауыс берген. 14 мамырдағы талқы кезінде депутаттар тағы да шекісіп қалды.

Бұған дейін Грузия президенті Саломе Зурабишвили заңға вето қоюға уәде берген, бірақ билеуші партия вето құқығынан асып түсетін дауыс санына ие. Егер президент заңға қол қоймаса, оған парламент төрағасы қол қойып, жариялайды.

Заң жобасы шетелден кемі 20 пайыз қаржы алатын ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдардан "шетелдік ықпалы бар агент" ретінде тіркелуді талап етеді.

Заң жобасын ұсынғандар құжат Грузияны шетелден қаржы алатын наразылықтардан, радикал партиялар мен үгіт-насихат жүргізетін БАҚ-тардан қорғауға қажет дейді. Заң бұзғандарға үлкен айыппұл салынады. Авторлар құжат Ресей емес, Америка заңнамасына ұқсас дейді.

Желтоқсан айында Грузияға одаққа қосылудан үміткер мәртебесін берген Еуроодақ бұл заң ЕО-ның құндылықтарына қайшы келетін және елді бұл одаққа мүше болу үмітінен айыратын құжат деп сынаған.

Заң жобасына он мыңнан астам грузин азаматы қарсы шықты. Бір айдан бері наразылар түрлі қалада Грузия мен Еуроодақ туын ұстап, "Ресей заңын" қабылдамауды талап етіп келеді. Наразылық кезінде полиция демонстранттарға жас ағызатын газ бен су шашып, резеңке оқ қолданды.

2023 жылы наурызда Грузия парламенті бұл заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған соң елде жаппай наразылық басталған. Кейін парламенттегі "Грузия арманы" партиясы және "Халық күші" қозғалысы заң жобасын кері қайтарып, артынша қайта ұсынған.

15 мамыр, 13:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.