Атырау, 23 қараша 20:18
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әйелдердің зейнет жасын ұзарту 2018 жылдан кезең-кезеңімен басталады

4 350 просмотра

АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Жұма, 7 маусым күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы қоғам арасында үлкен резонанс тудырған зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған заңның тағдырына қатысты көпшілік жұрт күткен шешімді қабылдады.

Үкімет пен Ұлттық банк бастама жасап, Парламентпен қабылданған заңның толықтай күшіне енуіне Мемлекет басшысы біраз кідіріс жасады. Аталған заңның ішінде Президент «әйелдердің зейнет жасын ер азаматтармен біріздендіру» мәселесіне қатысты нормасын әлі де пысықтай түсу үшін Парламентке қайтарды.

Еске сала кетейік, бұл заң негізінен Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды көздеген еді. Бұл ретте құжат бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылған болатын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері ел Үкіметі болса, оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асыратыны қарастырылған. Бұдан бөлек, заң аясында ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыз мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару қарастырылды.

Ал дүйім жұртты дүрбелеңге салған қоғамның біршама бөлігінде қарсылықты туғызған жаңалықтардың бірі - әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру мәселесі. Бұл ретте Парламент қабылдаған заңда қамтылғандай 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделген еді. Мұндай жағдайларда зейнеткерлік жасты теңестіру әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ұлғайту және зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру үшін ұсынылған болатын. Бұл тиісінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын зейнетақының мөлшерін арттыруға септігін тигізуі тиіс деп түсіндірілген болатын.

«Мен заңнаманы жақтаушылардың да, оған қарсылық білдірушілердің де дәлел-дәйектерімен жақсы таныспын. Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды. Мұның себебін мен Үкімет пен Ұлттық банк іс-әрекетінің олқылығынан да көремін. Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын. Біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайды қаралды. Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде, қазақстандықтардың көбі зейнетақы жүйесін жаңғыртудың түпкі мәнін түсінбей қалды», деп мәлімдеді Елбасы заңға қатысты өзінің Үндеуінде. Бұл ретте Президент зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу керектігі анық екенін айтып, оның жаһандық үрдіс екеніне тоқталды. Н. Назарбаевтың айтуына қарағанда, Еуропалық одақ пен әлемнің өзге де елдері дағдарыс пен құлдырау жағдайында осындай қадамға баруға мәжбүр болды. Өйткені, әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефициті және зейнеткерлердің 70%-ын әйелдер құрайтыны болды.

«Әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары 3 триллион теңгеге өседі. Бұл мемлекетті зейнетақы төлеуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін проблемаға айналады. Сондықтан біз бұл мәселені қазірден бастап шешуге тиіспіз. Қазақстан Үкіметі әйелдер үшін зейнет жасын өсіруді жоғары шекке дейін біртіндеп көшіру арқылы жүзеге асыруды алдын ала ұсынды. Парламент Мәжілісі мен Сенаты бұл шешімнің халық үшін маңызын түсініп, зейнетақы жүйесі туралы жаңа заңнаманың дұрыс шешім болып табылатын нұсқасын қабылдады. Азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қажет болғандықтан заң жобасын мен жалпы қолдаймын. Бірақ, зейнетақы жүйесін реформалау аспектілерінің бәрі жете ойластырылған дей алмаймын. Конституция берген өкілеттіктеріме сәйкес, әйелдердің зейнет жасын өсіру туралы норманы қайта талқылау үшін Парламентке қайтарамын», деп мәлімдеді Елбасы.

Осыған орай, Президент зейнет жасын кезең-кезеңмен ұзартуды 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастауды ұсынды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Үкіметке халыққа қажет заң мәселелерін одан әрі пысықтап, дамытуды тапсырамын. Атап айтқанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес, бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұдан бөлек, азаматтардың міндетті 10 пайыз зейнетақы шығысына жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыз енгізілетін болады. Үшінші мәселе, міндетті кәсіби зейнетақы салымын кезең-кезеңмен тағы да 5 пайызға көбейту. Бұл жәйт айрықша және зиянды өндірістерде зейнеткерлікпен қамтамасыз етуді жақсартады.

Сондай-ақ Президент Үкіметке 2030 жылға дейін зейнеткерлікпен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды одан әрі жалғастыру жөнінде кешенді іс-шаралар әзірлеуді тапсырды.

«Парламентті менің ұстанымымды ескеруге шақырамын. Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың күрделі мәселесі бойынша дұрыс шешімдер табылады деп мен кәміл сенемін», деп атап өтті Н. Назарбаев.

Сөйтіп, Елбасының зейнетақыны жаңғыртуға қатысты заңына орай жасаған мәлімдемесі қоғамды тағы дүр сілкіндірді. Әлбетте, біршама сарапшылар, саяси шолушылар қоғамдық пікірді саралай келе, Мемлекет басшысының дәл осындай қадамға баратынын дөп басқан еді. Ендеше күрмеуі күрделенген істің түйіні тарқады, Конституция берген құзырет шеңберінде өз құқығын пайдаланған Президент жұртшылықтың көңілінен шығатын дұрыс жолды сілтеді. Соған байланысты ендігі күні Үкімет пен Парламент Мемлекет басшысы жүктеген тапсырма аясында жұмысқа кірісетін болады.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы Үндеуінің ертесінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен арнайы Үкімет отырысы өтті. «Мемлекет басшысы әйелдердің зейнет жасын арттыру туралы норманы енгізу мерзімдері бөлігін қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін Заң жобасын Парламентке қайтарды. Президент әйелдердің зейнет жасын 2014 жылғы 1 қаңтардан емес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан кезең-кезеңімен көтеруді бастауды ұсынды», - деген Премьер Серік Ахметов, Президент Үкіметке жаңа заңнама күшіне енгенге дейін заңнамалық сүйемелдеу мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстарды пысықтауды тапсырғанына тоқталды.

Атап айтқанда, жұмыс жасайтын әйелдер үшін бала туу және бала күтімі демалысы кезеңінде бюджет есебінен міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Жинақтаушы зейнетақы қорларына төлемдердің жалпы мөлшері олардың бұрынғы деңгейінен 10 пайызға дейін жеткізіледі. Жұмыс берушілерден өз қызметкерлерінің пайдасына қосымша 5 пайыздық міндетті аударымдар жасау енгізіледі. Кәсіби міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері кезең-кезеңімен тағы да 5 пайызға ұлғайтылады. Бұдан басқа Үкіметке 2030 жылға дейінгі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жаңартудың кешенді шараларын ойластыру, сондай-ақ зейнетақы активтерін экономиканың неғұрлым перспективалы салаларындағы жобаларға тиімді инвестициялау тетіктерін жасау жүктелді. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын кідіртпей орындауға кірісуге тиіспіз», - деп атап көрсетті С.Ахметов.

Кеңес қорытындысына сәйкес, Премьер-Министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовтің төрағалығындағы ұсыныстар мен тиісті есептемелер, сондай-ақ 2030 жылға дейінгі зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жаңарту тұжырымдамасы жобасын әзірлейтін жұмыс тобы құрылатын болды. «Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесін жаңарту жөніндегі заң жобасын халық арасында түсіндіру жұмысын әділ сынға алды», - деген Үкімет басшысы, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Мемлекет басшысының ескертулерін қаперге ала отырып, зейнетақы жүйесін жаңарту жөніндегі кеңейтілген түсіндіру жоспарын әзірлеуге және ең алдымен халық арасындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Біздің алдымызда зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде үлкен жұмыстар тұр. Бұл сала елдің барлық азаматтарына қатысты, сондықтан да біздің іс-қимылымыз, ойластырылған және үйлестірілген болуы тиіс. Еліміздің болашақ зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің болашағы тұтастай алғанда осыған байланысты», - деп мәлім етті С.Ахметов.
Дереккөз: inform.kz

9 маусым 2013, 20:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.