Атырау, 23 желтоқсан 06:22
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Жылыой ауданында су тасқыны жалғасуда

Бейнежазба
857 просмотра

Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан келетін табиғи су Жылыой ауданына қатер төндірді. Үш күн, үш түн бел жазбай күрескен жылылойлықтардың әрекетіне қарғын су бой берер емес.

4 сәуір күні ауданда төтенше жағдай жарияланды. Аудандағы 20 мектеп онлайнға көшіріліп, 20 балабақша уақытша жұмысын тоқтатты. Қарағай ауылы мен Құлсарыдағы «Болашақ» ықшам аудан тұрғындары эвуакацияланды. 

5 сәуір күні Құлсары қаласында сирена іске қосылып, «Жадырасын», «Аэропорт», «Екінші», «Үшінші», «Төртінші» ықшам аудандарынының тұрғындарын Жем өзенінің қауіптілігіне   байланысты балалар, әйел адамдар, науқас жандар, 1,2,3 топтағы мүгедектерді 1, 5, 6, 8, 9, 16, 18 мектептерге орналастыру қолға алынуда.  

- 1993 жылы Құлсары суға кетіп, мыңдаған үй жарамсыз болып қалған еді. Ол кезде топан сумен бірге жаңбыр жауып жағдайды қиындатып жіберген. Бірақ дәл осындай су келген жоқ, бұл өзгеше... Үш күн түнімен қарғын сумен алысып жатырмыз. Негізі әкімшілік о баста табиғи судың қауіптілігі жоқ деп сендіруімен халық қамсыз отырды. Су келіп, қауіп төне бастағанда іске кірістік. Алғашқы күндері техника, қапшық, күрек жетіспеді, жанар, жағармай тапшы болды. Осы жерде мыңдаған адам жұмыс істеп жатса да топан суға тосқауыл бола алмай жатырмыз. Бірақ адам күші жеткіліксіз. Әбден жағдай ушыққасын аудандық әкімшілігі мекемелерге хат жазып, адамдармен көмектесу жөнінде хат жолдады. Вахтада жүрген жігіттер ақысыз күн алып келіп жатыр, - дейді тұрғындар.

Жем өзенінен шыққан су Құрсай өзегі (Құлсары қаласының ішімен) арқылы Қамыскөлге құяды. Осы Құрсай өзегіндегі шабылмаған қамыс пен толған қоқыстардан су кетпей, қалаға қауіп төндіруде. Әсіресе, көпір маңындағы қоқыстар тазартылмаған. Тіпті «Достық» пен «Бесінші ауыл» тұрғындарын байланыстырып тұрған автомобиль жолы көпірі жарамсызданып, ақыры оны алып тастауға тура келген. Құрсай өзегі сумен толды, қатар-қатар қапшық қойылғанымен әлсін-әлі су бұзып кетуде. Қаланың қақ ортасындағы стадион суға кете бастаған. Тіпті өзек бойына төселген төсемтастарға су шығып кеткен. Тасқын сумен арпалыс әлі жүріп жатыр.

Кеше «Атырау-Доссор-Құлсары» бағытындағы Шоқпартоғай ауылы тұсындағы асфальт жолды су басып, қаламен қатынас тоқтады.

- Енді осы асфальт жолды жыру жөнінде шешім қабылдапты. Біз бұған ауыл халқы болып қарсымыз. Науқас жандар, жүкті әйелдер бар, оларды Құлсарыға қалай жеткіземіз. Бұл жолды бұзғанынан еш пайда көрмей отырмыз,-дейді Шоқпартоғай ауылының тұрғындары.

Бүгінде ТШО, түрлі мекеме, кәсіпкелердің демеушілігімен қажетті құралдар, техника, азық-түлік ұйымдастырылуда. Бірақ жылыойлықтар үкімет тарапынан жеткілікті көмек болмай, суға кетіп қаламыз деген үрейде отыр. 

АЖ анықтамасы: Жылыой ауданында 80 мыңға жуық халық бар, оның 50 мыңдайы Құлсары қаласында тұрады. Құлсары басындағы мекемелерді қоспағанда аудан аумағында мұнайымен елді асырап отырған Теңіз кенішінде «Теңізшевройл» ЖШС бар. Бұдан бөлек кеніште жүздеген қосалқы мердігер фирамалар жұмыс жасауда.    

 Ләззат ҚАРАЖАНОВА   

Фото, виеолар белсенділердің чаттарынан алынды

5 сәуір, 14:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.