Атырау, 27 желтоқсан 05:52
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Атырау қалай дауыс берді?

4 948 просмотра

Атырау облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Айбар АГЕДИЛОВ «АЖ» редакциясына мынадай мәліметтерді ұсынды: біздің облысымызда сайлауға 267 920 адам қатысқан, бұл тіркелген сайлаушылардың 91,8 пайызы. Қазіргі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа 258 544 дауыс (96,5%), Ғани Қасымовқа – 4901 (1,84%), Мэлс Елеусізовке – 2870 (1,07%), Жамбыл Ахметбековке – 1605 (0,6%) дауыс берілген.

ФРАНЦИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ…

3-сәуірде, сайлау күні «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында халықаралық бақылаушылар журналистермен кездесті. Күндіз баспасөзбен Францияның өкілдері Доминик ИНДЖУДЖЯН мен Альбер ФИШЛЕР (суретте), ал кешкісін ресейлік халықаралық бақылаушылар тобы аз ғана уақытқа тілдескен еді.

Екі француз да әдебиетші боп шықты, ал Фишлер академиялық Пальма бұтағы сыйлығының лауреаты екен. Екеуі де Қазақстанда әлденеше рет болыпты, ал мсье Инджуджян бірнеше жыл алматылық жоғарғы оқу орындарында француз тілінен дәріс беріпті. Өзінің айтуынша, қазақ қызына үйленген екен. Өз әріптестерінен айырмашылығы, ол орыс тілінде еркін сөйлейді. Баспасөзбен байланысуға бейресми тыйым салынды ма деген менің сұрағыма ол былай деп мәлімдеді:

- Егер мен бұл жерде сақтықпен сөйлеген болсам, бұл бізге тыйым салынды деген сөз емес. Бізге, халықаралық бақылаушыларға ешкімнің де шектеу қоюға құқығы жоқ.

Бақылаушылар французша сыпайы ғана біздің демократиямызға бар болғаны 20 жыл болғанын, ал бұл, олардың айтуынша, бір буын ұрпақтары үшін жеткіліксіз екендігін жеткізді. Фишлерді өтіп жатқан сайлаудың мерекелік ахуалы әжептәуір ойландырып тастапты:

- Концерттер, жаппай сауда жасау, сайлаушылардың сәнденіп киінуі - мұның бәрі біз үшін жат нәрсе. Бізде сайлауда адамдар билемейді.

Бақылаушылар дауыс беруді ұйымдастыруға қомақты қаржы бөлінгенін байқапты. Жалпы олар сайлауды ашық өтті, «жергілікті билік тарапынан да, үкімет тарапынан да сайлауды ұйымдастыруға үлкен байыптылықпен қараған» деп атап өтті.

… РЕСЕЙЛІКТЕР НАЗАРБАЕВТЫ ҚҰРМЕТ ТҰТАДЫ

ТМД Атқару комитетінің бақылаушылары негізінен бізбен шекаралас жатқан Астрахан облысындағы ресейліктер болды: 6 адамның бесеуі – Астрахан қаласының қалалық Думасынан және біреуі Астрахан облысы губернаторының әкімшілігінен. Бәрі бір ауыздан сайлаудың, соның ішінде олар қатысқан Атырау облысының аудандарындағы сайлаудың мінсіз өткенін растады. Ресейліктерді сайлаушылардың белсенділігі тәнті етіпті, олардың айтуынша, бұл Ресейге тән емес көрінеді.

- Мен оппозициялық партиялардың бірінің мүшесімін. Біз бақылау жасаған сайлау ашық өтті деп растаймын, - деп мәлімдеді дауысы ерекше таныс ер адам. Сөйтсек, бұл  Жириновскийдің серігі, РЛДП-ның Астрахандағы бөлімшесінің жетекшісі Александр СТАРОВОЙТОВ екен. Ресейліктер бұл сайлауды Беларуссиядағы сайлаумен салыстырды. Олардың айтуынша, ол жақта оппозиция орынсыз әрекет еткен екен. Олар қазақстандық оппозицияның сайлауға бойкот жариялағанын біле ме деген сұрағыма жартымды жауап ала алмадым.

Қысқа ғана өткен брифингтен кейін бақылаушылардың бірімен тілдесудің сәті түсті. Бейресми түрде өз әсерімен бөлісуін өтінгенімде, сұхбаттасушым былай деді:

- Сіздерде біздердегідей емес, бәрі де тыныш өтті. Бұл сіздің халықтың менталитетіне байланысты шығар деп ойлаймын. Бізде сайлаушыларда мұндай белсенділік жоқ. Сіздерде сайлау туралы заң жетілдірілген. Мерзімінен бұрын дауыс беру мүмкіндігінің өзі неге тұрады?! Бір жаққа жолға шығар болса, адам алдын-ала дауыс бере алады. Біз қазір қолданыстағы заңнамаға осындай бапты енгізу мүмкіндігін талқылаудамыз. Ал екінші жағынан алып қарасақ, Беларуссияда мерзімінен ерте сайлауға сайлаушылардың 35 пайызы қатысқанын көрдік. Мұндайдың болуы мүмкін емес екендігі түсінікті ғой. Бұлайша әрі кеткенде сайлаушылардың тек 2-3 пайызы ғана дауыс береді.

- Сіздер өткізілген сайлауды бірауыздан мінсіз өтті деп таныдыңыздар. Ал менімен сөйлескенде Назарбаевқа құрметпен қарайтыныңызды айтып отырсыз. Сіз оны не үшін қадір тұтасыз?

-  Өйткені ол сөзі мен ісі сәйкес келетін нағыз азамат. Ал біздің Путиннің кейде орағытатыны сондай, істің мәнісін түсінбей де қаласың. Ал сіздерде батыл әрекет етуге мүмкіндік бар. Сіздерде Одақ құлағаннан кейін жекешелендіруді қолға алды, бұл дұрыс болды. Меншік иелері істі өздері жөндесін деп барлығын жеке қолға өткізді. Халық бірер жыл абыржыды да, үйреніп кетті. Ал бізде бірден жекешелендіруден қорықты, әлі күнге дейін жекешелендірілмеген нысандармен әлек боп келеміз. Біздің халқымыз сіздерге қарағанда талап қойғыш. Олар жаңа пәтер беріп, үйлеріне канализациялық желілер өткізуді талап етеді. Ал сіздерде тіпті 20 жыл бойына даладағы әжетханаға баруға мойынсұнған.

- Мен сіздердегі қалалық Думада түрлі партиялардың өкілдері жұмыс істейтінін байқадым. Біздегі қалалық мәслихаттың барлық депутаттары билік жанындағы «Нұр-Отан» партиясынан екендігін білесіз бе?

- Иә, мен естідім. Ал бізде басқаша. Мен «Единая Россия» партиясынанмын, менімен бірге коммунист пен РЛДП өкілі жұмыс жасайды. Кейде жұмыс бабы бойынша біздің пікірлеріміз қарама-қайшы кеп жатады, біз айтысамыз, тартысамыз, бірақ ортақ пікірге келеміз.

ДАУЫС БЕРМЕСЕҢ ОРНЫҢНАН АЙЫРЫЛАСЫҢ БА?

Бюджет қызметкерлерінен басқа, жергілікті билік шағын және орта бизнес өкілдеріне де сайлауға бару керектігін ескертіпті. Жеке кәсіпкер Д.С. (түсінікті себеппен осы жерде және әрі қарай тек инициалдармен ғана көрсетеміз) сайлау учаскесінен шығар кезде біздің тілшімізге Атыраудағы орталық базарларының біріндегі сауда орнын жоғалтудан қорыққандықтан келгенін айтып берген:

- Бүгін, 3-сәуірде таңертеңмен әлдебір адамдар сайлауға бару талабымен сауда сөрелерін аралап жүрді. Бармаған жағдайда, жақсы болмайды деп айтып, сауда орындарының нөмірін жазып, дауыс бермегендер тізімін «тиісті жерге» беруге уәде берген еді.

Атыраудағы автобазарлардың бірінде сауда жасайтын басқа кәсіпкер Т.А. базар басшыларының барлық саудагерлерге әуелі дауыс беріп, содан соң сауда жасауға келуді хабарлағанын баяндады:

- Базар әкімшілігіндегілер оларға «барлық сауда жасаушылар дауыс беруге келсін, әйтпесе базарларды жабамыз» деп, жоғарыдан қысым жасап отырғандығын айтты.

Әділдік үшін «АЖ» өз журналистерінің күшімен тек №35 қалалық сайлау учаскесінде (№12 мектеп) өтіп жатқан сайлау процесіне сайлау басталғаннан аяқталғанға дейін бақылау жасаған болатын. Учаскеге 1217 бюллетень берілді, учаскелік сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша 1039 адам (оның 973-і Назарбаевқа) дауыс берген. Ал біздің қарапайым есептеулеріміз бойынша 3-сәуірде осы учаскеге 505 адам келген («таяқша белгісі қойылған ортақ блокнот кезекшілік еткен бір журналистен екіншісіне өтеді).

Қазіргі президентіміздің сайлаудан жеңгеніне біреулердің күмән келтіруі неғайбыл. Алайда сайлаушылардың құлшыныс деңгейлерін биліктің қатты «күшейтіп» жібергендігі сондай, ақыр аяғында цифрларды өте әсірелеп жібергенге ұқсайды.  

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА, Азамат МАЙТАНОВ

Суреттерді түсірген С. Тойкен мен Л. Сүлейменова

7 сәуір 2011, 00:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.