Атырау, 25 қараша 11:40
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Азамат МӘМБЕТОВ: «Барлығын Теңізге жұмысқа орналастыру мүмкін емес»

878 просмотра
Көрнекі сурет

Жылыой ауданының жұмыссыз тұрғындарының наразылықтары туралы «АЖ» жарияланымынан соң, Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ жұмыспен қамту шаралары туралы айтты.

- Әрине, ауданда еліміздің ең ірі кен орны «Теңіз» кен орны орналасқан және жергілікті тұрғындар кен орнында жұмыс істегісі келеді. Алайда барлығын Теңізге жұмысқа орналастыру мүмкін емес екендігін атап өткім келеді. Неге? Қазір кен орнында сан мыңдаған адамды жұмыспен қамтыған Келешек кеңею жобасы -Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жұмысының құрылыс жұмыстарының аяқталуына байланысты, жұмыс көлемі ай сайын азайып жатыр. Яғни, жұмысшыларға жұмыс азайып, ай сайын жұмыстан босату шаралары жүзеге асып жатыр. Жұмыстан босату шараларын мемлекеттік органдар жіті қадағалап отыр, - дейді Азамат Мамбетов.

Мәмбетовтың айтуынша, өткен жылы Жылыой ауданының 200-ден астам тұрғын Теңіз кен орнына жұмысқа орналасқан. 

- Басқа да жұмыссыз азаматтарға жұмысқа жолдама береміз, бірақ барлығы Теңізде жұмыс істегісі келеді. Мысалы, Теңізде жұмыс істейтін құрылысшы мен қалада жұмыс істейтін құрылысшының жұмыс кестесі әртүрлі болғанымен, жалақылары бірдей болып келеді. Осыған қарамастан қаладағы жұмыстан бас тартып, Теңізде еңбек еткісі келеді, - дейді Азамат Мәмбетов.

Оның айтуынша, өткен жылы Теңіз кен орнынан босатылған жұмысшылардың 95%-ына түрлі жұмыспен қамту шаралары ұсынылған. Біреулері қысқа мерзімді арнайы оқыту курстан өтсе, енді бірі жеңілдетілген тәртіппен несие алып, кәсібін бастады. Енді бірі ағылшын тілін оқып, қазір шетелде еңбек етіп жүр. Мысалы, Теңізде еңбек еткен қарапайым дәнекерлеуші қазіргі таңда Польша астанасында кеме құрастыратын зауытта еңбек етіп жүрсе, бір топ құрылысшы мен дәнекерлеуші Түркияның Ақкөл қаласында Атом электр станциясында жұмыс жасап жатыр. Тіпті, мұхит асып, Уругвай мемлекетінде жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз де бар. 

- Жазда Теңіз кен орнында болған күрделі жөндеу кезінде жылыойлықтарды жұмыспен қамтуға тырыстық. Алайда кейбір жерлестер жұмыстың уақытша екендігін айтып, бас тартты. Оның орнына басқа азаматтар қуана-қуана келісті. Ал әлгі азамат басқармаға жұмыс сұрап, әлі келіп жүр, - дейді А.Мәмбетов.

Қазан айынан бастап Қашаған кен орнында «Газды қайта өңдеу зауытының құрылысы» жобасында құрылыс жұмыстары басталып, күні бүгінге 665-тен астам адам жобада жұмыс жасауда (жоба мерзімі: 2023-2025 жылдары, құрылыс кезінде жобада 2 500, іске қосылған уақытта 550 тұрақты жұмыс орындары құрылады).

Бутадиен өндіру жобасының құрылысына 2000-нан астам адам еңбек етіп, іске қосылған уақытта 440 тұрақты жұмыс орындары құрылады. Полиэтилентерефталат және тазартылған терефтал қышқылы өндірісі жобалары кезінде құрылыста 1 346 адам жұмыс істеп, іске қосылған уақытта 336 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Ал біріккен газхимиялық кешенің ІІ құрылыс кезеңінде де облыс тұрғындары жұмыспен қамтылады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

27 ақпан, 18:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.