Таяуда әлеуметтік желіге еріген қар суынан көз ашпаған Атырау көшелерінің бірінде арыққа құлап, аяғын жарақаттап алған мектеп оқушысының видеосы тарады. Видеода аяғын ауыртып алған қыз бала жылап тұр. Ер адам оны арықтан шығарып алған. Қамқорлық танытқан қала тұрғыны бұдан соң полицияға арыз жазған. Ол арызында “арық неге тазаланбаған, жауапты кім?” деп сұраған, дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл 13 ақпан күні күн қарауытқан мезгілде Қаныш Сәтбаев даңғылының қиылысындағы Владимир Худин көшесінде болған оқиға. Бұл күндері қалың қар жауып, одан кейінгі жауған жаңбырдан қаланың басым бөлігі бейнелі түрде айтқанда Венецияға айналды. Ер адам сол сәтте түсірген видеода кадр сыртында қала әкімі Шәкір Кейкінге: “қаланы басқара алмайтын болсаңдар, арықты тазалай алмасаңдар, кетіңдер орындарыңды босатып” деп ашуланады. «Қала әкімі қайда қарап отыр? Қандай сұмдық? Қаланы судан тазарту үшін адам өлуі керек пе? Көшеде жүру мүмкін емес. Қалада жүруге қайық керек қой» дейді тағы.
Қалада 6 ақпаннан бастап жауған қар мен жаңбыр бірнеше күн бойы тұрғындарды әбігерге салғаны есімізде. Көшеде жүру түгіл, үй аулалары суға кетіп, мектеп пен жұмысқа бара алмай қиналғандар бар. Үйлері суға кеткендер қаншама.
Коммуналдық қызметке жауаптылар өзіне артылған жүкті көтере алмады деп сынап жатқандар да жетерлік. Еріген қар суын тазартуға күші жетпеді. Ауладағы суды жинап алатын арнайы көлік іздеп сабылғандар арасында әріптестеріміз де болды.
Полиция аталған дерек бойынша қазір тексеру жүріп жатқанын хабарлады. Тексеру кезінде нақты сол арықтағы суды тазаламаған немесе тазалауға нұсқау бермеген бе деген сауалдарға жауап табу міндеттелген.
- Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және «Арнайы автобаза» ЖШС-і тексеріліп, тиісті шарасы қабылданатын болады. Кінәлі тарапқа ӘҚБтК-нің 631-1-бабы бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Екі мекеменің біреуі жауапты болып анықталады, - деп жауап берді бізге полиция баспасөз қызметі жетекшісі Мейірім ЕРДӘУЛЕТ.
Айнұр САПАРОВА
Видео әлеуметтік желіден алынды