Атырауда еріген қар суларын шығаруға жұмылдырылған вакуум арнайы техникасының саны 55-ке артты. Тәулік ішінде арнайы техникалар 550-ден астам рейс жасап, 9500 текше метрден астам еріген қар суын шығарған.
Әкімдіктің мәліметінше, қала аумағындағы қар тазалау жұмыстары да қатар жүруде. Қар тазалау жұмыстарына «АрнаулыАвтоБаза» ЖШС-нен және жеке меншік иелерінен барлығы 30 жүк көлігі, 17 жүк тиегіш, 140 қызметкер жұмылдырылған.
Қала әкімдігі қала аумағында орналасқан кәсіпкерлік субъектілерге қала жағдайын жақсарту мақсатында өз нысандарының аумағын қар мен судан өз күштерімен тазарту жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Күннен күнге шарықтаған вакуумдердің бағасы 15 мың теңгеге өскен. Оның өзі жеке үйлерге шақырғанға таңдап келеді.
Мәселен, біздің тілшіміз алдыңғы күні сағат 22:00-ге деп шақырған вакуум көлігінің иесі Сарыөзектегі кәріз суын төгетін жерде кезектің көптігінен келе алмайтынын жеткізген. Қардың суына толған ауладағы септикті сорғызу үшін 30-дан аса вакуум иесіне хабарласқан, қоңырауға жауап бергендердің барлығы бірінші кезекте әкімдіктің тапсырмасы бойынша су басқан үйлердің ауласын тазартып жатқанын жеткізді.
- Қазір кәріз суын сорып жатқан жоқпыз, қар суын тазалаудан үлгермей жатырмыз. Септиктің суын төгетін КНС-қа да көлік көптігінен кеше 1 сағат кезекке тұрдық. Ал қар суын каналға төгіп жатырмыз, -деді вакуум көлігінің жүргізушісі.
Редакцияға хабарласқан Сарқамыс, Лесхоз, Лесхоз-2 тұрғындары көшедегі сулардың әлі тазартылмағанына шағымданды. №7 және 15-маршруттардың соңғы аялдамасына апаратын жолды толығымен су басып, жұмысқа асыққан адамдар мен мектеп оқушылары аялдамаға жету үшін айналып жүруге мәжбүр болды. Бұл ықшамаудандарда мектеп пен балабақшаның айналасы түгел суға кеткен. Кейбір көшелерді ұзындығы 300-400 метрге дейін көлікпен су кешіп өтуге болады.
Әлеуметтік желіде атыраулық блогердің бірі судан көрінбей қалған жол шұңқырларының үстіне, “яма” деген белгілер қадап, жүргізушілердің алғысын алса, біреулер көшедегі көлге қармақ салып, балық күтіп отырған фотоларын салып, мысқыл посттар шығарып жатыр.
Бүгін нөлден төмен температура басталғанда шалшықтар сырғанақ алаңына айналды, бұл жағдайды одан сайын қиындата түсті – тұрғындар құлап, бір жерімізді сындырып аламыз деп қорқады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суреттер мен видеоны түсірген автор және әлеуметтік желіден