Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысуын уақытша тоқтатты. Бұл жайлы республика премьер-министрі Никол Пашинян France24 телеарнасына берген сұхбатында айтқан.
«Біздің ойымызша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл біздің назарымыздан тыс қалмады. Біз бұл келісімге қатысуымызды тоқтатып қойдық. Ары қарай не болатынын көрейік»,– деген телеарнаға берген сұхбатында.
Ереван ҰҚШҰ мен Мәскеуді келісімшарт бойынша міндеттелемелерін орындамай отырғанын айтып, ұйымнның жиынына қатысудан бас тартқан. Мәселен Армения Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан «ешқандай үміт күтпейтінін» айтқан. Ол:
«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіген.
Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.
«Бүгін біз ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.
Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.
Ал 2023 жылдың қарашасында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартқанын мәлімдеді. Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.
Тасамағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2022 жылғы қараша айындағы сессиясының шешімдеріне сәйкес, іс-шаралар жоспары бойынша 34 іс-шараның 32-сі аяқталмағанын мәлімдеді. Ол екі іс-шара орындалмағанын жеткізді. Біріншісі –Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы сияқты еуропалық халықаралық ұйымдармен халықаралық байланыс олардың ұстанымдарына байланысты жүзеге аспаған. Екіншіден – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Арменияға көмек көрсету туралы шешімі орындалмаған.
«Армения тарапы одақтастардың барлығының қолдауына қарамастан, бұл құжатқа ешқандай қызығушылық танытпады және біздің жұмысымыздың қорытынды бөлігінде бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды сұрады», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
2023 жылдың 22 қарашасында өткен Минскіде ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс, сыртқы істер министрлері кеңестері мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы мен 23 қарашада өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысудан да бас тартты.
ҰҚШҰ-ға алты мемлекет кіреді: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан.