Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Жайық пен теңізге шығу, яғни Жайық-Каспий каналына кеме жүргізу идеясымен айналысқан еді. Өзен мен бірнеше шақырымға тартылып, сағасы резеңке етіктен жоғары аспайтын тереңдігі бар батпаққа айналған Каспий теңізінің апатты түрде тайызданып жатқанда, бұл қаншалықты мүмкін екені - «Ақ Жайық» редакциясының мақаласында.
Ақпарат үшін айта кетсек, Жайық-Каспий каналы орталық көпірден басталады: өзен бөлігі Пешной аралына дейін 35 шақырымды, теңіз бөлігі - аралдан кіреберіс қалтқыға дейін - 21 шақырымды құрайды.
Су жолдарын пайдалану жағдайында ұстау үшін оларды үнемі тазалап тұру керек - бұл Жайықтың ерекшелігі, әйтпесе барлық күш-жігер мен шығын бекер жұмсалғандай болады. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау жылдары да билік өзен сағасының тайыздану құбылыстарымен күресу үшін қатаң шаралар қабылдады. Навигацияның алғашқы күндерінен бастап мұз құрсалғанға дейін Жайық-Каспий каналында «Волжская-30» жер қазушы машина, «Сормово» топырақ сорғыш және «Сарептский затон» балшық сорғыш кеме жұмыс істеп, Гурьевтен Каспий теңізіне баратын кеме керуендеріне жол ашты.
Содан бері көп уақыт өтті: өзеннің реттелуі, Ресей мен Башқұртстанда су қоймаларының салынуы, су тасқынына қарсы күрес, климаттың өзгеруі және т.б. Каспий теңізіне шығатын аумақтың қатты лайлануына әкелді.
Кейбір аумақтардың тереңдігі, тиісті ведомстволардың мәліметі бойынша, қазір 50 сантиметрден аспайды. Каналдың мұндай аянышты жағдайы Көлік министрлігін қатты алаңдатты, өйткені Жайық-Каспий каналы кеме жүзетін бағытта болуы керек: Теңізшевройлдан күкіртті және KPI Inc-тен полипропиленді басқа елдерге экспорттайтын сыйымдылығы мол көлемді кемелерді іске қосу жоспарланған.
«Бұл канал арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігінен айырады. Балық аулайтын кемелер де каналдан теңізге шығуда проблемаға тап болып, теңізден каналға да қайта орала алмайды», - деді мәжілістің жалпы отырысында депутат Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ.
Теңіз арқылы күн көріп отырған жағалаудағы ауылдарды есепке алмасақ, мұндай жағдайдан зардап шеккендердің бірі – Атырау қаласының өзен порты. Бірнеше жыл бұрын модернизацияланған және жылына 50 мың тоннаға дейін жүк тасымалдауға қабілетті, кемелерге қызмет көрсетуге, тиеу, түсіру, қабылдау, сақтау және келетін жүктерді беруге арналған порт жұмыссыз қалды. Өзен портының директоры Азамат ЗҰЛҚАРНАЕВТЫҢ айтуынша, кәсіпорын соңғы тапсырысын өзен порты KPI компаниясына жабдықтары бар алты баржаны қабылдаған кезде алған. Бұл 2020 жылы болған. Сол уақыттан бері Атырау порты өз қоймалары мен аумақтарын жеке компанияларға жалға беріп, «күнін көріп жатыр».
Тағы бір мәселе бар – Көлік министрлігінің оған деген орасан жоспарларына қарамастан, каналдың жылдан жылға тайыздануы.
Көлік министрлігінің «АЖ» сауалына берген жауабына сәйкес, Жайық-Каспий каналын тереңдету жұмыстары биылғы көктемде басталады. 2024 жылға арналған бюджетте бұл мақсаттарға 5,3 млрд теңге қарастырылған.
«Тереңдету жұмыстары бізге 2,5-3 метр тереңдікке жетуге мүмкіндік береді, бұл канал арқылы үлкен сыйымдылықтағы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Экспорттық жүктерді тасымалдау 2026 жылы басталады деп жоспарланып отыр», - деп жауап берді ҚР Көлік вице-министрі Мақсат ҚАЛИАҚПАРОВ.
Әзірге бұл жұмысқа қандай компания тартылатыны белгісіз, ал Жайық-Каспий каналының теңіз бөлігіндегі тереңдету жұмыстарын жүргізетін мердігерді анықтау ашық конкурс аясында жүргізіледі. «Бүгінде каналды тереңдету бойынша техникалық тапсырмаларды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген Көлік министрлігінің жауабында. Айта кетерлігі, жұмыстың басталуына бір жарым ай ғана уақыт қалды.
Соған қарамастан жұмыс жүргізілсе, лайлануға бейім Жайықтың табиғи ерекшелігі не болмақ? Оның да жоспары бар екен – жұмыс бұдан былай жыл сайын жүргізіледі. Осылай болуы үшін және бұл республика бюджетіне ауыр тимес үшін оларды уәкілетті органның кәсіпорындары жүзеге асырады. Бүгінде бұл «Қазақстан су жолдары» ведомстволық бағынысты республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны. Сондықтан, М.Қалиақпаровтың пікірінше, каналды кеме жүретін жағдайда ұстау үшін қосымша кәсіпорын құруды «орынсыз» деп санайды.
Бірақ мәселе кәсіпорында мұндай ауқымды жұмыстарды атқаруға тиісті жабдықтардың жоқтығында. Ал, М.Қалиақпаровтың жауабына сүйенсек, бұл 5,3 млрд теңгеге балшық сорғыш кеме сатып алу кірмейді. Теңіз класындағы өз балшық сорғыш кемесін жасау мәселесі де әлі ашық күйінде қалып отыр. «Бүгінде Ресей мен Қытайдың кеме жасау ұйымдарына талдау жүргізіліп жатыр», - делінген жауапта.
Өзен портының мүмкіндігі
Алайда өзен портына оралайық. «Atyrau River Terminal » ЖШС-ін қайта жаңғырту жоспарланғаны белгілі. А.Зұлқарнаев жоспарланған өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, тиеу-түсіру техникасы жаңартылып, айлақ қабырғасы ұзартылады. «АтырауБалық» маңындағы бос жағалау аумағына қарай кеңейту жоспарланып отыр.
- Порт аумағын кеңейту ұйымның өз қаражаты, қарыз қаражаты және мүмкіндігінше бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Атырау – Астрахань бағытын ашып, сол арқылы туризм бағытында жұмыс жасай аламыз. Сондай-ақ Қашаған кенішіндегі жұмысшыларды порт арқылы тасымалдау жоспары бар. Көкөніс пен жемістерді канал арқылы бізбен Каспий теңізі арқылы шектесетін елдерден әкелуге болады. Порттың екінші тынысы ашылғанда оларды сақтайтын қоймалар салуды жоспарлап отырмыз, - дейді А.Зұлқарнаев.
– Ал, жыл сайын тартылып жатқан теңіз ше?
– Каналды кеме жүзетін ету үшін түбін 12 шақырымға тереңдетіп, енін 40 метрге кеңейту жоспарланды. Одан кейінгі жылдары көбірек қазуға тура келуі мүмкін.
– Яғни, жыл сайын бұрынғыдан сәл артық – тартылып бара жатқан теңізді қуалай қазып па?
- Иә, солай.
Жайық-Каспий каналын тереңдету жұмыстары қалай жоспарланып отырғаны, құм мен саздың қайда жіберетіні және мұның бәрі қалай жойылатыны туралы нақты мәлімет жоқ. Каналдағы тереңдету жұмыстарын жүргізу кезінде алынған топырақ осы мақсаттар үшін белгіленген орындарға шығарылады, олардың орны әлі де уәкілетті органдармен келісіліп жатыр. Ал 1 сәуірден бастап 15 шілдеге дейін барлық жұмыстарды тоқтатуға тура келеді, өйткені уылдырық шашу маусымы басталады.
Айта кетейік, Жайық-Каспий бассейнінде бір жылға жуық жүргізіліп жатқан тереңдету жұмыстары тек теңізге қарай балық өтетін каналдарды ғана тазартуды қамтамасыз етеді және оның жаңа жобаға еш қатысы жоқ.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Өзен портынан алынған, автор түсірген суреттер мен бейнежазба