6 ақпанда «АЖ» тілшісі Атырау мен облыста орын алған энергетикалық апаттың себебін зерттеген еді.
Еске салсақ, өткен сейсенбіде Атырауда жаңбыр құйып, кейін қалың қарға ұласты. Осыдан кейін қатты жел тұрып, аудандар мен елді мекендер жарықсыз қалды. Былтыр «Атырау Жарық» АҚ басшысы Атырауға жұмыс сапарымен келген энергетика министрі Алмасадам САТҚАЛИЕВҚА қысқа дайындық жүріп жатыр деп жауап берген еді. Бұл жолы не болды?
Кешегі монополист ақпараты бойынша Атырау қаласындағы Темірханов, Қаженбаев, Б.Майлин, Ж. Таңқыбаев, Аманшин, Д.Шайденов көшелері мен Береке ауылы, Атырау, Томарлы, Көктем (саяжай жақтары), Геолог, Самал ы/а (жартылай), Мұнайшы ы/а (жартылай), Ақ депо, Құрсай, Жерұйық ықшамаудандарының көшелерінде жарық өшкен.
Жұлдыз-2 ықшамауданы тұрғыны Гүлшара ОЖАЕВА үйде жарықтың түскі 12-ден бастап сөнгенін айтады. Қатты желден үйге тартылған электр желісі бағанадан үзіліп қалған.
- Жарық сөнгенде бүкіл көшеде жоқ болар деп ойладық. Бірақ сұрастыра келе бізде ғана жоқ екенін білдік. Сосын 109-ға хабарластық. Бізге жөндеу бригадасы барады деген, бірақ түнгі бірге дейін күттік, келмеді. Енді өзіміз 15 мың теңгеге электрик шақырып жатырмыз. Неге жөндеуге келмейді, біз электр энергиясы үшін төлеп отырмыз ғой үзбей. Енді отырмыз, жарық жоқ, жылу жоқ, тоңып. Балауыз жағып, ұялы телефон жарығын қосып шай іштік. Газ плитаға тамақ пісіріп отырмыз. Жарық болмаса, тоқ болмаса, насос істемей қалады, жылу құбырлары қатып, жарылып қалуы мүмкін, - дейді Г. Ожаева.
Атырау облысы әкімдігі телеграм-чатында хабарлама қалдырған Жаңаталап ауылының тұрғыны Ләбәда ОМАРХАНОВА 6 ақпан күні сағат 20:40-та өтінім берген, түнде сағат 4-те қайтадан 109 қызметіне қоңырау шалды. «Олар «кетті бригада» деген-ді, әлі «жете алмай жатыр». Бүгін таңнан бері біресе, "кетті", біресе "күтіңіз" деген жауап беріп отыр. Жалғыз менің үйімде жоқ. Көршілерден телефон зарядтадық, үй сап-салқын, насос свет жоқ болған соң жасамайды. Қанша күтеді екенмін, қашан келер екен?».
Тағы бір тұрғын Бижан ЖҰМАХМЕТОВ Береке ауылында тұрады. Ол кеше сағат түскі екіден бері жарық сөнгелі әлі жанбағанын жазды. Ол да үйде балалары тоңып отыр деді.
Геолог елдімекеніндегі «Беймахис» деген бау-бақша учаскесінде де жарықтың өшіп-жанып тұрғанын жазыпты бір тұрғын. «Техникамыз жанып кетсе не болады? Үй іші сап-салқын, тоңып қалдық» деп алаңдайды ол.
Айта кету керек, сол күні Мақат ауданының бірқатар ауылдары мен Доссор поселкесінде де жарық сөнген. Жергілікті тұрғын жарық та, су да жоқ екенін жазып, жарық болмағасын жылу қазандығының істен шыққанын айтады.
«60 үйлікте қыста осылай, үй қақап тұр. Кілең әлеуметтік осал топтар тұрады. Сәби кезінен мүгедек бала асырап отыр басым көпшілігі. Шара қолданыңыздар! Жауапты мамандардан талап етіңіздер!» деп жазба қалдырыпты тұрғын.
Сейсенбіде мұндай хабарламалар көп болды. Келесі күні «АЖ» «Атырау Жарық» АҚ-ның баспасөз қызметіне хабарласып, жел мен қардың қыс мезгілінде жиі кездесетін құбылыс екенін ескерсек, жарықтың сөнуіне не себеп екенін сұрадық. Бұл ведомство қайталана беретін бұл жағдайдан шығу жолын іздестіріп жатқандарын және мәселенің шешілетіні туралы жақында мәлімдеме жасаған болатын.
Сонымен, бізге былай жауап берілді: «2024 жылғы 6 ақпанда ауа-райының нашарлауына байланысты (жауын аралас қар жауып, екпінді жел болуы) Атырау қаласы мен Атырау облысында электр қуаты апатты жағдайда өшіп қалды. Атырау қаласында сағат 11:46-да жарық апатты түрде сөніп, Нұрсая, Сельстрой, Самал, Балауса, Алмагүл, Атырау, Өркен, Жұмыскер, Еркінқала, Химпоселок, Көктем, Балықшы, Томарлы ауылы, Геолог, Жаңаталап ауылы және қала маңындағы басқа да тұрғын аудандар жарықсыз қалды.
Сондай-ақ аталған уақытта Атырау облысының Құрманғазы, Жылыой, Индер, Қызылқоға, Мақат аудандарында жарық апатты түрде өшіп қалды.
Электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру үшін ұйымдастырылған 21 жөндеу бригадасы, жедел көшпелі 4 бригада және арнайы техника (АГП, бригада көліктері) жұмылдырылып, үздіксіз жұмыс атқарылды.
Электр қуатының апатты сөнуінің алдын алу және жарықтың ұзақ уақыт өшуін болдырмау мақсатында «Атырау Жарық» АҚ қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді.
Қазіргі уақытта Атырау қаласы мен Атырау облысының барлық елді мекендерінде электр қуаты толығымен қалпына келтірілді».
Әрине, егжей-тегжейлі есеп бергені үшін рахмет.
Алайда неліктен «қар мен жаңбыр араласқан екпінді жел» Атырау облысында энергетикалық апаттың орын алуына әкеледі деген басты сұраққа жауап ала алмағанымыз өкінішті-ақ.
Айнұр САПАРОВА