Энергетика министрі Алмасадам САТҚАЛИЕВ Атырауға жұмыс сапары барысында мұнай-газ өндіру кезіндегі экологиялық қауіп-қатер, Атырау мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіру, облыс орталығындағы шығарындылардың түпкі себебі, электр қуатының жиі үзілуі, өнеркәсіптік өндіріске арналған су қоры сынды мәселелерге қызығушылық танытқан жергілікті тұрғындармен кездесті. Жергілікті билікке, атап айтсақ, жиынға модераторлық еткен облыс әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ пен экология департаментіне біраз сын айтылды.
Тұрғындардың сауалын тыңдамас бұрын А.Сатқалиев өңірде отын-энергетика кешені саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы баяндады.
Оның айтуынша, Атырау облысы аумағында жыл соңына дейін 51 млн тонна мұнай өндіру жоспарланды (былтыр өндіру көлемі 46,8 млн тонна болған). Министр қазір қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытындағы апат деңгейін төмендету бойынша жоспарлар, сондай-ақ сыртқы электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету үшін Атырау мұнай өңдеу зауытында «Газтурбиналық станция құрылысы» жобасы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
А.Сатқалиевтің айтуынша, «KEGOC» АҚ инвестициялық бағдарлама аясында «ҚР БЭЖ Батыс аймағының электр желісін нығайту» жобасын жүзеге асырып жатыр, ол Атырау облысындағы тұтынушыларға электр энергиясын берудің өткізу қабілеті мен сенімділігін арттырады.
Тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды, атап айтқанда – тайыздануына байланысты өзендегі су қорын толықтыру үшін Жайыққа шлюз орнату; Азғыр аймағында жаңа зерттеу жұмыстарын жүргізу; «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на газды қосу ережелерін қайта қарау; Лесхоздағы дамуы тежелген балаларға арналған облыстық интернат үйі мен Химпоселоктағы тіл мүкістігі бар балаларға арналған №3 облыстық арнайы мектеп-интернатты қала орталығына көшіру.
- Лесхоздағы интернаты КСС жанында, тіл мүкістігі бар балалар мектеп-интернаты АМӨЗ жанында орналасқан. Неліктен шалғай жерде? ТШО, НКОК миллиардтаған қаржы бөледі, бірақ мүгедек балалардың саны азаймай тұр... Өңірдегі кәсіпорындар ерекше балаларға арналған оңалту орталығын сала алмай ма? – деп сұрады Атырау қаласының белсенді тұрғыны Лунара МАҚСҰТОВА.
Арбаға таңылған Қуанышбек КЕНЖЕҒАЛИЕВ «Атырау Жарық» мекемесінің электр жарығын жиі сөндіретінін сынап, өткен қыста қардың кесірінен орын алған апатты жағдайды еске алды.
Бұған «Атырау Жарық» АҚ президенті Мейірбек ҒҰБАШЕВ қазір трансформаторлардың қысқы кезеңге дайындығы тексеріліп жатыр деп жауап берді. Оның айтуынша, жеке трансформаторлардың иелері олардың қысқа дайындығын тексеруге міндетті, егер нұсқама орындалмаған жағдайда, олардың трансформаторлары ажыратылады.
– Жұмыс жүргізіліп жатыр дейсіз, әкімге «жақсы» статистиканы айтасыздар, бірақ нақты нәтиже жоқ. Адамдарға нәтиже керек. Халық ресурстардың игілігін көріп жатқан жоқ, бәрі шетелге кетіп жатыр, - деді Қ.Кенжеғалиев.
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА министрден Атырау мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіру мәселесін сұрады. Ол былай деп жауап берді:
– Қазір шығарындыларды азайтуға, яғни жұмыс істеп тұрған өндірістің экологиялық тұрғыдан тазалығын қамтамасыз ету үшін орасан зор шығын кетіп жатыр. Маңызды шешімдерді қабылдау кезінде экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторлардың тұтас кешенін ескеру қажет екені анық. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі тәуелді болып отырған негізгі кәсіпорынды осыншама жыл жұмыс істегеннен кейін қандай да бір тәуекелге ұшырата алмаймыз. Қуаттың дамуына қарай, өздеріңіз білесіздер, Шымкентте мұнай өңдеудің қосымша қуатын дамытамыз, ол жақта кеңейту шаралары жоспарланып отыр. Бәлкім, көлікті электрлендіру есебінен бензин тұтынудың азаюына байланысты кейбір табиғи процестер болуы мүмкін. Бірақ қазір зауытты көшіру туралы шешім болмайды.
Г.Чернова сондай-ақ ТШО мен НСОС-да күкіртсутекті тұту мәселесі шешілмегенін атап өтіп, министрге:
– Сіздер бұл мәселені шешпейінше, Қашаған кен орнын ауқымды игеру туралы әңгіме қозғалмауы тиіс! – деді.
Заңгер Гүлжан ҚОЖАЛИЕВА Атырауда бірнеше күннен бері сезіліп тұрған жағымсыз иіс туралы айтып, министр мен Қайрат Нұртаевқа экология департаментіне қатысты шағымданды.
– Қайрат, бұл шығарындылар қайдан шығып жатқанын білесіз бе? Сіз мұны білесіз бе? Мен сот процесін тастап, осы сұрақты қою үшін келдім, - деді ол.
- Бұл сұраққа экология департаменті жауап беруі керек шығар, - деді Қ.Нұртаев.
Г.Қожалиева сөзін жалғастырды:
- Сәуірде біз үлкен экомитинг өткіздік, бірақ ештеңе жақсарған жоқ. Көп адам Астанаға, Түркияға, Кипрге, Грекияға көшіп кетті. Мен де осы жерден кете аламын, күйеуімнің туыстары Оралда. Бірақ біз тұрғындарды осынша қиын экологиялық жағдайда қалай қалдырып кетеміз? Егер шеше алмасаңыздар, жұмыстан кетіңіздер. Экология департаментіне жүгіндік, бірақ олар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жауапты екенін айтады.
Содан соң ол министрді қарапайым азамат ретінде Атырауда тым болмаса бірнеше күн тұрып, бәрін сезініп, өз көзімен көруді ұсынды.
Айнұр САПАРОВА
Сереттерді түсірген Райымбек ЖӘНІБЕКОВ