Атырау облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Атырау қаласы тұрғынының арқасында алаяқтық схеманы ашты.
Оқиға желісі мынадай: 67 жастағы әйел 24 дана орындыққа тапсырыс берген. Банк қосымшасына алты айға 675 996 теңге несие рәсімдеп, алаяқ көрсеткен нөмірге қосымша 833 000 теңге көлемінде аударым жасаған. Тауар уақытында келмеген кезде әйел алаңдай бастаған, ал сатушымен байланыс үзілген. Нәтижесінде сатып алушыға 1 508 996 теңге материалдық шығын келген.
Бұдан бұрын, 2023 жылдың ақпан айында белгісіз адам әлеуметтік желі арқылы Шымкент қаласынан арзан бағада жиһаз жасайтын парақша ашып, Whats App желісінде белгісіз нөмерді енгізіп қойған. Аталған жарнамаға Атырау қаласының тұрғындары қызығушылық танытып, банк қосымшасы арқылы алты айға несие рәсімдеп және алдын-ала төлем ретінде қомақты қаржы аударып, сан соғып қалған.
Сөйтіп, Атырау облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу кезінде күдікті ретінде 1994 ж.т. Түркістан облысының тұрғынын анықтады. Ол дәл осындай алаяқтық жолмен қаланың үш тұрғынын алдап, барлық жәбірленушінің 4 млн теңге көлемінде ақша қаражатын иемденген.
Сотқа дейінгі тергеу кезінде 29 жастағы күдікті өз қылмысын толықтай мойындап, қазіргі таңда Атырау қаласының №2 сотының шешімімен қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА