Ұлыбритания королі Чарльзға қатерлі ісік диагнозы қойылып, ол мемлекеттік міндеттерін уақытша кейінге қалдырады. Бұл туралы Букингем сарайының дүйсенбідегі мәлімдемесінде жазылған, деп хабарлайды Курсив
Reuters ақпаратына сүйенсек, патшайым Елизавета қайтыс болғаннан кейін 2022 жылдың қыркүйегінде патша болған 75 жастағы Чарльз өз еміне дайын. Және мүмкіндігінше тезірек мемлекеттік міндеттерін орындауға оралуды қалайды.
Чарльз өткен айда үш түн ауруханада жатқан. Ол ұйқы безінің ұлғаюына қарсы ем қабылдаған. Ем кезінде алаңдаушылық тудыратын мәселелер туындап, корольдің қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болған.
«Мәртебелі корольді тұрақты емдеу басталды. Ем алу кезінде дәрігерлер оған мемлекеттік міндеттерін кейінге қалдыруға кеңес берді», – делінген сарай хабарламасында.
Айта кетейік, король Чарльз (немесе III Карл) бұл қызметке өзінің анасы, Елизавета қайтыс болғаннан кейін ие болған. Елизавета 2022 жылдың 9 қыркүйегінде қайтыс болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Королі ІІІ Карлға анасы II Елизавета Патшайымның қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған.
Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Король ІІІ Карлдың, корольдік отбасы мен барлық британдықтардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Президент елді 70 жыл бойы басқарған ІІ Елизавета Патшайымның аса көрнекті көшбасшы, ұлы британ халқының бірлігі мен табандылығының символы болғанын атап өтті.
«Оның даналыққа, мейірімге және жігерге толы басшылығы Біріккен Корольдіктің одан да тұрақты, алуан түрлі және өркендеген қоғам құру жолында қарқынды дамуына өз септігін тигізді. Ол халықаралық қауіпсіздік пен орнықты дамуды нығайтуға бағытталған күш-жігерді ілгерілетуде көшбасшы болды. Оның тектілігі, қадір-қасиеті мен орасан зор жетістігі әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре түсетініне, ал мол мұрасы өскелең ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатынына сенімдімін», – деп жазылған Қазақстан Президентінің жеделхатында.