Ашық есік күнінде облыстық онкология диспансеріне барған бірнеше қала тұрғынында қатерлі ісікке күмәнді жағдай тіркелген.
Атырау облыстық онкология диспансері емхана бөлімінің меңгерушісі Анар КАЙСЕДЕНОВАНЫҢ айтуынша, дәрігерлік қабылдау кезінде қатерлі ісікке күмәнді сегіз, ал қатерлі ісік алды 21 жағдай тіркеліп отыр.
Еске салсақ, Атырауда халықаралық қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай Ашық есік күні өтті.
Атырау облыстық онкология диспансерінде 194 адам онколог қабылдауында болды. Дәрігерлердің нұсқауы бойынша 64 адам компьютерлік томография (КТ), 42 адам ультрадыбыстық зерттеу, 45 адам маммография, 5 адам рентгенографиядан өтті.
- Тұрғындар ешқандай жолдамасыз онколог мамандардан кеңес алып, тексеріліп жүр. Дәрігерлік қабылдау кезінде қатерлі ісікке күмәнді, қатерлі ісік алды жағдайлар тіркеліп отыр және 150-ге жуық адамнан басқа да аурудың түрлері анықталды, - деді А. Кайседенова.
Ашық есік күніне қатерлі ісікпен күресіп, оны жеңіп шыққан Талшын есімді қала тұрғыны келіп, дертпен қалай күрескені туралы айтып өтті.
- Қатерлі дертпен күресу оңай емес. Оған ең алдымен сенім, үміт және жақындардың қолдауы қажет. Ем-домда оң өзгерістер байқалғасын, жақсылықты үркітіп алмайын деп жүрмін. Тұрғындарға арналған осындай ашық есік күндері, скринингтік тексерістер жаман аурудың алдын алады, тек сол мүмкіндікті халық өткізіп алмаса екен, - деді ол.
Бүгінде Атырау облыстық онкология диспансерінде бес мыңнан аса науқас есепте тұр. Былтырғымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 9,2 % өскен. Қатерлі ісікпен сырқаттанушылық құрылымында бірінші орында сүт безі обыры, одан кейін өкпе, тоқ ішек, жатыр мойны қатерлі ісіктері тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ ұсынған сурет