Атырау қаласында екі жастан алты жасқа дейінгі көру және есту қабілеті бұзылған балаларды мектепке даярлайтын орталық ашылды.
Орталық директоры Сайрагүл ЗАЙДОЛЛАНЫҢ айтуынша, «Шамшырақ» орталығы оқушылардың коммуникациялық дағдысы мен академиялық білімін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда әр бала әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, есту қабілетін дамыту, мимика мен пантомимика, Брайль, тактиль және ыммен сөйлеуді үйрену сабақтары беріледі. Қазіргі уақытта үш кабинеттен тұратын орталықта он баламен бес маман жұмыс істеп жатыр.
- Көп жыл бойы тифлопедагог ретінде ерекше балалармен жұмыс істегенмін. Ерекше балаларға ерекше көзқарас қажет, сондықтан біз олармен прогреске жету үшін ынталандырушы орта құруға тырысамыз. Қазіргі уақытта шахмат және фортепиано секциялары жұмыс істейді. Біздің студенттер топқа кірмес бұрын жеке сабақтардан өтеді, бұл оларға стрестен аулақ болуға және оқу барысына бейімделуге көмектеседі. Болашақта әрбір ерекше балаға жарқын болашаққа мүмкіндік беру үшін жасөспірімдерге арналған толыққанды балабақша мен кәсіби бейімдеу орталығын аша аламыз деп үміттенеміз, - деді жоба авторы және орталық директоры С.Зайдолла.
С.Зайдолла өз жобасын 2022 жылы жеке кабинет ашудан бастаған. Ал келесі жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік жобалар байқауына бизнес-жоспарын ұсынған.
- Бұл байқаудан 4 млн 200 мың теңгенің грантын ұтып алдым. Грант қаржысын орталыққа қажетті жабдықтар, әдістемелік және дидактикалық материалдар, жиһаздар сатып алуға жұмсадым, - дейді С.Зайдолла.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ