Биыл Атырауға жұмыс істеуге АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Түркиядан 4 765 шетелдік келеді. Оның 69-ы басшылық қызмет атқаратын болса, 865-і бөлім басшысы, 3041-і маман, 90-ы қарапайым жұмысшы болып еңбек етпек. Көпшілігі аймақтағы ірі-ірі деген мұнай мекемелеріне орналастырылады.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Абай СӘРСЕНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, мамандардың жұмыс өтілінің сәйкес келуін, құжаттары мен дипломдарының талапқа сай болуын арнайы комиссия тексеріп барып, жұмыс рұқсатын беретін болады. Комиссияның құрамында көші-қон, еңбек инспекциясы және тағы да басқа мамандар болады.
Басқарманың мәліметінше, былтыр ауыл шаруашылық саласындағы маусымдық жұмысқа шақырылатын шетел азаматтарына арналған квота саны 660 болса, биыл 700-ге көбейген. Ауылшаруашылық саласындағы маусымдық жұмыс 15 ақпанда басталып, 15 қазанға дейін жалғасады. Егіс алқабында жұмыс істегендерге 15 қазанға дейін рұқсат берілсе, жылыжайда жұмыс істегендер үшін квота жыл соңына дейін жарамды болады.
Айта кетейік, былтыр Атырау облысына Ресей мен Өзбекстан республикасынан жұмыс бабымен 497 шетелдік азамат көшіп келсе, оның 385-і ҚР азаматтығын алып Атырау облысында қоныстанып қалған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ