БҰҰ мұқтаж болған 5,2 млн сомалилік азаматқа көмек көрсету үшін 2024 жылы гуманитарлық әрекет ету жоспарын іске қосты. Жоспар мұқтаж адамдарға көмек ретінде 1,6 млрд АҚШ доллар көлемінде қаражат бөлуді қарастырады. Бұл туралы брифингте БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлім етті, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі, деп жазады Қазақпарат.
Оның айтуынша, БҰҰ жоспарды серіктестермен, сондай-ақ Сомалидің федералды және жергілікті үкіметтерімен бірлесіп әзірлеген.
«Өткен жылы Сомали көптеген күйзелістерді бастан өткерді, соның ішінде жойқын құрғақшылық, бұрын-соңды болмаған жауын-шашын мен су тасқыны және қоныс аударған адамдардың жаңа толқыны. Сомалидегі миллиондаған адамдар аштық пен дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп отыр», — деді С. Дюжаррик.
Оның атап өтуінше, БҰҰ-ның гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы ел халқының төрттен бір бөлігін құрайтын 4 млн-нан астам адамның азық-түлік тапшылығына тап болғаны туралы қатаң ескерту жасаған.
«Дабыл қағарлық статистика сондай-ақ 5 жасқа дейінгі әрбір бес баланың екеуі дұрыс тамақтанбаудан зардап шегіп отырғанын көрсетті», — деді Дюжаррик.
Сонымен қатар, ол елдің ішкі көші-қон салдарынан ауыр жағдайға тап болғанын, шамамен 3,8 млн адам әртүрлі дағдарыстар салдарынан ел ішінде көшіп жүргенін қосып айтты.
Оның айтуынша, онсыз да ауыр гуманитарлық жағдайға қоса, елдің көптеген бөліктерінде тез таралып жатқан тырысқақ індеті өршуде.