Ресейде президент сайлауына қатысамын деп өтініш білдірген екі үміткер қазіргі президент Владимир Путинді қолдауға шақырып, додадан шықты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
"Ресей халық одағы" ("Россиийский общенародный союз") партиясының лидері Сергей Бабурин Орталық сайлау комиссиясын өзін қолдаған адамдардың қолдарын тапсыра салысымен кандидатурасын алып тастайтынын айтты. Науқаннан бас тартатын болса, қол жинау не үшін керек болды, Бабурин бұл туралы ештеңе айтпады. Ол сайлаушыларды "Путин айналасына топтасуға" шақырды.
Ұлтшыл әрі империяшыл көзқарасымен белгілі Бабурин 2018 жылғы сайлауға қатысып, соңғы орын алған еді. "Эхо Москвы" радиосының бұрынғы бас редакторы Алексей Венедиктовтың айтуынша, бұл жолы оған "президенттің тіпті бір процентін де алып қоймауға кеңес берген".
Демократиялық партия Ресей президенттігінен үміткер ретінде Ирина Свиридованы ұсынған. Партия өкілдерінің хабарлауынша, Свиридова тиісті 100 мың адамның қолын жинай алмаған, сондықтан додадан шығады. Ол да сайлаушыларды Путинді қолдауға шақырған.
Әзірге президенттіктен үміткер ретінде 9 кандидат қалып тұр. Олардың төртеуі, соның ішінде бесінші мерзімге сайланғалы жатқан Путин де кандидат ретінде тіркеуден өткен. Тағы бірі – Сергей Малинкович Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізіп жатыр. Қалған төрт үміткер 31 қаңтардың кешіне дейін Орталық сайлау комиссиясына өзін қолдайтындар қол қойған парақтарды өткізуі тиіс. Бұлардың арасында Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырған Борис Надеждин де бар.
- Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путин бесінші мерзімге сайлану үшін додаға түсіп жатыр. Конституцияға енгізілген өзгерістер арқасында ол бесінші (және алтыншы) мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік алды. Ол бұл қызметке 2000 жылы келген.
- Ресейде президент сайлауы 2024 жылғы 15-17 наурызда өтеді. Тәуелсіз бақылаушылар мен сарапшылар елдегі сайлаулар демократия талаптарына сай өткізілмейді деп санайды. Билік сайлау процесіне жиі араласады, оппозиция өкілдерінің еркін бәсекеге түсуіне жол бермейді, билікшіл кандидаттарға артықшылық береді және кейде тіпті дауыстарды бұрмалайды.