Атыраулықтардың өзекті мәселесі – қуат өндіретін энергетикалық кәсіпорындардың тапшылығы тақырыбы бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат КЕНЖЕБЕКОВТІҢ «АЖ» тілшісімен сұхбаты.
– ҚР ЭМ болжамдық мәліметтеріне сүйенсек, келешекте жабдықтың тозуына байланысты кернеу тапшылығы мен оның салдары арта түседі. Атырау облысында бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар атқарылуда?
– Атырау облысында электр энергиясын тұтыну көлемі қазіргі таңда 950 МВт құрайды. Біз Атырау облысында 2030 жылға дейін электр жүктемесін дамытудың перспективалық схемасын әзірледік.
Өңірде жеті көзден электрмен жабдықтау қамтамасыз етіледі: «Теңізшевройл», «Қашаған», NCOC, Sagat Еnergy, АМӨЗ, Каrаbаtаn Utility Solutions және «Манаш» ЖЭС. AЖЭО тұтынушыларды электр энергиясымен де, жылумен де қамтамасыз етеді. Қалғандары электр энергиясын өз қажеттіліктері үшін өндіреді.
Облыста электр энергиясын өндіру қуаттылығын: 2026 жылы – «AМӨЗ» ЖШС есебінен 143 МВт-қа арттыру жоспарлануда. 2027 жылы Karabatan Solution осы үлгіні ұстанатын болады – кернеу 165 МВт-қа артады. «ТШО» ЖШС атқарған жұмыстардың арқасында желідегі кернеу 400 МВт-қа артады.
Бүгінде ҚР ЭМ мен Атырау ЖЭО басшылығы жалпы электр қуатын 130 МВт-қа арттыра отырып, негізгі жабдықтарды кеңейту және жаңғырту бойынша инвестициялық келісім жасады.
2023 жылы ЖЭО-да қуаты 65 МВт жаңа №13 турбоагрегат іске қосылды, сонымен қатар қуаттылығы 60 МВт болатын ПТ 60 90/13 типті №6 турбинаны алдыңғысынан 5 МВт қуаты күштілеу ПT 65 90/13 типті турбинаға ауыстыру жоспарланды. Процесс 2025 жылы аяқталады. Сонымен қатар, кәсіпорынның 2024-2026 жылдарға арналған жоспары бойынша жаңаларын – әрқайсысының қуаты 25 МВт болатын №15 қазандық қондырғысы мен №11 турбоагрегатты іске қосу жоспарланды.
Электр станциясында 14 қазандық және 12 турбоагрегат бар. Негізгі құрал-жабдықтардың тозуы 56% құрайды. Тозуды 2,93%-ға азайту үшін 2029 жылға дейін міндетті түрде орындалатын іс-шаралар жоспары әзірленді.
2018 жылы Исатай ауданы Манаш ауылы маңында қуаты 52,8 МВт электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылды. 36 жел электр қондырғысы орнатылды. Сондай-ақ Мақат ауданы Доссор ауылында қуаттылығы 48 МВт «Дивитэл» жел электр станциясының құрылысы аяқталып, қазіргі таңда іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Құлсарыда жел электр станциялары болады
А.Кенжебековтың айтуынша, инвестициялық жобаны – Жылыой ауданы Құлсары қаласында қуаттылығы 100 МВт жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыру жоспарланған.
- 2023 жылдың желтоқсанында Батыс өңірін сенімді электрмен жабдықтау үшін «KEGOC» АҚ энергетикалық жүйені жетілдіру жобаларын: Қазақстанның Батыс энергетикалық жүйесінің Батыс өңірінің электр желілерін нығайту жұмыстарын жүзеге асырды.
220 киловольттық жаңа желілердің салынуы электр желілерінің өткізу қабілетін айтарлықтай жақсартады. «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы» – «Атырау» учаскесінде жаңа желілер электр кернеуін екі есеге – 200 МВт-қа дейін арттырады.
Сондай-ақ Батыс өңірін Қазақстанның Бірыңғай электр жүйесіне қосудың техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірленуде.
Бұл жұмыстарды жүргізу кезінде Бірыңғай республикалық электр жүйесіне қосылуға мүмкіндік береді.
«Атырау-Жарық» АҚ электр тарату желілері мен қосалқы станцияларды қайта жарақтау және жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2023 жылы 123 қосалқы станция мен 819 шақырым электр желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. ҚТЖ (ЭЧ-4) теңгеріміндегі электр желілерінің тозуына байланысты Атырау облысының әкімдігі 13 елді мекенге электр желісін тартуды жоспарлап, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жылыой ауданы Құлсары қаласын, Қызылқоға ауданы Жамансор ауылын және Исатай ауданы Аққыстау ауылын электрмен қамту жұмыстары аяқталды.
2023 жылы Қызылқоға ауданындағы Жантерек, Мұқыр, Кенбай елді мекендерін, Мақат ауданындағы Доссор ауылын және ПМС разъезін электрлендіру жұмыстары аяқталды. 2023 жылдың қараша айында Зарослый ауылын, желтоқсанда Атыраудағы Береке ауылын, 2024 жылы Сарыөзек ауылын электрлендіру жұмыстары аяқталады.
– Қазақстанда АЭС салуды жалпы дағдарыстан шығу жолы деп санайсыз ба?
– Қазақстандағы АЭС-ке келетін болсақ, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз бұл мәселені жалпыхалықтық референдум арқылы шешеміз.
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ