Түркия полициясы 28 қаңтарда болған шіркеудегі атысқа қатысы бар деген күдікпен 47 адамды ұстады, олардың арасында Ресей азаматы да бар. Бұл туралы журналистерге Түркия ІІМ басшысы Әли Ерлікая мәлім етті, деп хабарлайды KAZINFORM «ТАСС» агенттігіне сілтеме жасап.
«Шіркеуге қарулы шабуыл жасау туралы істі тергеу аясында 30 мекенжай бойынша операциялар жүргізілді, нәтижесінде 47 адам ұсталды. Оның ішінде бір Ресей азаматы және бір Тәжікстан азаматы бар. Олардың «Ислам мемлекетіне» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) қатысы болуы мүмкін», - деді ол.
Министрдің айтуынша, ұсталғандар қауіпсіздік басқармасына жеткізілді, олардан төтенше жағдайға қатысты жауап алынады.
«Ыстанбұл ғасырлар бойы әртүрлі конфессияның өкілдері үшін пана болды, алдағы уақытта да солай болып қалады. Біз еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты бұзғысы келетіндерге ешқашан жол бермейміз», - деп атап өтті Әли Ерлікая.
Еске салсақ, жексенбі күні таңертең екі қарулы адам Ыстанбұлдағы христиан шіркеуінде оқ жаудырды. Әдейі жасалған қастандық делінген оқиға кезінде бір адам қаза тапты.