Атырауда кәмелетке толмаған балалардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан СЛАМБЕКОВ кәмелет жасына толмаған балалардың істерін қарап, құқығын қорғаумен айналысатын 11 комиссия құрылғанын, онда 1 624 мәселе қаралғанын айтты. Оның айтуынша, жасөспірімдермен жасалған құқық бұзушылық көп жағдайда сабақтан тыс уақытта жасалған.
- Биыл Жылыой ауданында кәмелет жасына толмағандар арасында орын алған бір өз өзіне қол жұмсау, екі құқық бұзушылық тіркелді. Аудан мектептерінің тәрбие жұмысына зерделеу жүргізіліп: кәмелетке толмағандардың құқығын қорғайтын және алдын алатын жұмыстарды жүргізетін сынып жетекшілері, мектеп психологы, әлеуметтік педагог, тәлімгер, басқа да ұйым жетекшілерінің атқарған жұмыстарын тыңдау жоспарланбағаны анықталды. Тиісті мониторинг де жүргізілмеген, - деді Е.Сламбеков.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл жасөспірімдердің қатысуымен жасалған қылмыс саны 6,4%-ға төмендеді. Алайда оның басым бөлігін 18 жасқа толмаған балалар жасаған, деп мәлім етті облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани СЕЙДУАЛИЕВ. Оның айтуынша, қылмыстардың негізгі себебі жолда жүру ережелерін сақтамағаны үшін жол-көлік оқиғасын жасағандарға қатысты болып отыр.
- Қылмысты 14-17 жас аралығындағы жасөспірімдер жасаған. Облыс аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және алдын-алу мақсатында жүйелі түрде профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Есепті мерзімде ішкі істер органдарына 6 427 бала жеткізіліп, 6 355 кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар ата-аналарға жеке–жеке Заң талаптары және жауапкершілігі қатаң түсіндіріледі. ІІО-ның есебіне 204 жасөспірім және 69 жайсыз отбасы алынды. Бала тәрбиесімен айналыспағаны үшін бес жайсыз отбасы ата-аналық құқығынан айырылып, 10 отбасы ата-аналық құқығынан шектелді, - деді Ә.Сейдуалиев.
Облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ жауапты басшыларға мектептердегі ювеналды полицияның жұмысын жүйелеп, оқушылармен жұмыс істейтін психологтың санын көбейтуді, аудандарда кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығын ашуды тапсырды.
- Қазіргі уақытта жасөспірімдер жасаған қылмыстың 75 пайызы Атырау қаласында тіркелген. Бірақ қалада барлық мүмкіндік болса да, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Соңғы уақытта жасөспірімдердің қатысуымен бірнеше резонанстық құқықбұзушылық тіркелді. Оның әрқайсына жүйелі талдау жасау керек. Бұл жұмыстарға мектеп-колледж директорларын да тартуымыз тиіс. Ювеналды полицияның жұмысын күшейту маңызды. Қылмысқа барған баланың санасында қандай да бір кемшілік бар екені сөзсіз. Бала не үшін қылмысқа барғанын білуіміз қажет. Мұндай оқушылармен психологтар тығыз жұмыс істеуі керек. Осы мәселеге ата-аналар да тікелей жауапты. Егер кезекті ескертуден кейін ата-ана қорытынды шығармаса, құқығынан айыру керек. Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға әкімдік тарапынан барлық көмек көрсетіледі, - деді С.Шәпкенов.