26 қаңтар күні доссорлықтарға Привокзальный ықшамауданында салынған 4 пәтерлі жалдамалы үйдің кілті салтанатты түрде табыс етілді.
Шараға қатысқан аудан әкімі Ринат ИБРАГИМОВ биыл өңірде тұрғын үйлер көптеп салынып, баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.
Үш бөлмелі жаңа баспаналар көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп отыр.
Көп балалы ана Әлима ҚАЗМҰХАНОВА өз кезегін 14 жыл күтті. Ол қалаған баспананы күтуден үмітін үзгенін, сондықтан өзінің жаңа пәтерінің кілтін алу жағымды тосын сый болғанын мойындады. «Біз бұрын Бәйгетөбеде тозығы жеткен үйде тұратынбыз. Жаңа баспаналы болғаныма өте қуаныштымын», - дейді әйел.
Соңғы жылдары ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жақында Мақат ауылында тұрғындар үш үйге қоныстанатын болса, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Доссорда 60 пәтерлік бір үй салынуда. Бүгінде 762 отбасы баспана кезегінде тұр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ