Атырау облысы Махамбет ауданының Таңдай ауылдық округіне қарасты Қаңбақты ауылының маңында 38 бас киік өлексесі табылып, Махамбет аудандық полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 339-бабының 2-бөлігі («Жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Өлген жануарлардың видеосын Facebook желісінде Бақыт КАМЕТОВ жариялады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу амалдарының нәтижесі туралы қосымша хабарланады.
Атырау облысының аумағында киік санын реттеу шаралары киіктерді және оның дериваттарын реттеу механизмі бойынша бекітілген алгоритмге (бұдан әрі – Алгоритм) сәйкес 2024 жылғы 16 қаңтарда басталды.
Бекітілген Алгоритмге сәйкес реттеу нәтижесінде алынған киіктің ішек-қарнын алып тастап, еті, ішкі құрылыстары, басы және терісі ветеринарлық бақылау үшін ет комбинаттарына жіберіледі, мал дәрігерлері етті қарап тексерген соң ветеринариялық анықтама береді.
Киіктің мүйіздері белгіленген талаптарды сақтай отырып, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК дериваттарға есеп жүргізетін жауапты қызметкерінің және аумақтық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекцияларының мемлекеттік инспекторларының бақылауымен бөлінеді және кейіннен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК сақтауға жіберу үшін міндетті түрде таңбаланады.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА