Әлеуметтік желіде мынадай видео тарады: көлікте қолына кісен салынған азамат отыр, қасында полиция қызметкері бар. Олар өзара әңгімесінде былай дейді: «Неге маған қылмыскер секілді кісен салынды? Бұл сақтандыру құжатының жоқтығынан ба?" Полиция қызметкерінің жауабына сүйенсек, сұрақ қойған азамат заң талаптарына бағынбағанын түсінуге болады. Пікір қалдырушылардың пайымдауынша, кісен салынған ер адам Атырау қаласының тұрғыны.
Тек кешке таман «Ақ Жайық» газетінің редакциясы Атырау облыстық полиция департаментінен осы жағдайға қатысты мәлімет алуға мүмкіндік туды.
Полиция департаментінің мәліметі бойынша, 19 қаңтарда Сәтбаев-Пушкин көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Toyota Camry маркалы көлігін тоқтатқан. 1988 жылы туған жүргізуші құжаттарын көрсетуден бас тартты. Нәтижесінде оның үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне не талабына бағынбау») бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
– Сот шешімімен аталған азаматқа қатысты іс құқықбұзушылық құрамының жоқтығына байланысты қысқартылды. Айта кетейік, аталмыш факті бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлады полиция департаментінен.
Дайындаған Айнұр САПАРОВА