2023 жылғы 25 желтоқсанда Атырау қаласындағы көшелер мен елді мекендерді санитариялық тазалауға мемлекеттік сатып алу порталында 2 млрд 371 млн 369 мың теңге сомасына ашық конкурс жарияланды. Тапсырыс беруші – қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Сатып алу 2024 жылдың 19 қаңтарында өтіп, «Арнаулы автобаза» ЖШС лоттың жеңімпазы боп танылды.
Келісімшарт жасалмады, тиісінше, бұл лот келісім-шарттар тізіліміне шығарылмады.
Құны 2 миллиардтан асатын келісім-шартқа қатысты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есеп, мемлекеттік сатып алу және іс жүргізу секторының меңгерушісі Рамиль ХАЛАУЕТДИНОВ мемлекеттік сатып алу қағидасына сәйкес, 19 қаңтарда хаттама қорытындысы шығарылып, бес жұмыс күнінен кейін шағымдану үшін келісімшарт жасалатынын атап өтті.
– Бес күн жұма күні аяқталады, бұл соңғы жұмыс күні, сондықтан келісім-шарт жасап үлгермейміз. Сондықтан рәсім дүйсенбіге, қаңтардың 29-ына шегеріледі, 30-ында қазынашылық комитетіне тіркеп, одан кейін санитариялық тазалау басталады, – дейді Р.Халауетдинов.
«Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Алмас ІЗТЕЛЕУОВ 11 қаңтарда қалалық ТКШ бөлімі қаланы санитариялық тазалау бойынша ашық конкурс өткізгенін айтты: «Құжаттарды тексергеннен кейін ЖШС-нен автослесарьларға қатысты тұсын нақтылап, толықтыру сұралды. Түзету енгізілген соң құжаттар 21 қаңтарда қабылданды».
Былтыр «Арнаулы автобазаға» бюджеттен 1 миллиард 730 миллион 192 мың теңге бөлінді. Сол кезде сатып алу өтпеген сатып алу арқылы бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылды.
Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында қолданыстағы тендердің келісімшарт сомасы 9 млн 24 мың теңге көлемінде көрсетілген. Аталған құжатқа сәйкес, санитариялық тазалау жұмыстары қала маңындағы Кеңөзек, Еркінқала, Қайыршақты және Атырау ауылдық округтерін қамтиды. Сатып алу әдісі бір көзден алу тәсілімен тікелей келісім-шарт арқылы жүргізіледі.
Айнұр САПАРОВА
Анықтама үшін:
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 38-бабының 7-тармағына сәйкес, егер баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушінің бір ғана баға ұсынысы ұсынылған болса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы осы әлеуетті өнім берушіден бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарттың бағасы әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысынан аспауға тиіс. 38-баптың 8-тармағына сәйкес, егер баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушілердің бірде-бір баға ұсынысы ұсынылмаса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды автоматты түрде өткізілмеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.