Бүгін таңертең Ресейдің Украинамен шекаралас аймағында 65 украиналық әскери тұтқын, экипаждың 6 мүшесі, 3 жолсерік мінген ИЛ-76 әскери-транспорттық ұшағы құлады, деп жазады Іnbusiness.kz.
Белгород облысындағы апатқа не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Ресми Киев оған қатысты бірден түсініктеме берген жоқ. Ол оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеп отыр.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, апат болған жерге арнайы әскери комиссия аттанған. Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттігі РИА Новости осы министрлікке сілтеме жасап хабарлағандай, борттағы тұтқындар алмастыру үшін шекаралық ауданға жеткізілуі тиіс болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00 шамасында Белгород қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан Яблоново ауылының маңында ұшақтың құлап бара жатқаны, оның артынан жарылыс пен өрт болғанын көруге болады.
Осы облыстың губернаторы Вячеслав Гладковтың айтуынша, ұшақ тұрғын ауданға жақын маңдағы егістік алқабына құлап, борттағылардың барлығы қаза тапқан.
Кейбір украиналық БАҚ болса, бастапқыда Ил-76-ны украин күштері құлатқанын хабарлап, кейін бұл мәліметті өшіріп тастаған.
"Украинская правда" газетінің сайты елдің бас штабына сүйеніп хабарлағандай, ұшақта Ресейдің S-300 әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандар болған. Бірақ хабарда соғыс тұтқындары туралы айтылған жоқ.
Президент Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков болса, журналистерге түсініктеме бере алмайтынын айтты. Өйткені қолында ақпарат жеткіліксіз екен.
Кейінгі кездері Ресей әскери-әуе күштерінің ұшақтары бірнеше рет апатқа ұшырады. Мұны кейбір сарапшылар Украинадағы ұрыс кезіндегі ұшулар санының көбеюімен байланыстырып отыр.
Кремль күштері Украинаға басып кіргеннен кейін жеті жүз күн өткенде, 1500 шақырымдық майдан шебіндегі жағдай қақаған қысқа байланысты іс жүзінде тұралап отыр. Оның үстіне, екі жақ та қару-жарақ қорын толықтыруға ұмтылып жатқандықтан, соңғы уақытта тараптар ұзақ қашықтықтағы нысандарға соққы беруге көбірек мән беріп жатыр.
Бүгіннің өзінде Ресейдің Орел, Белгород облыстарының аумағына украиналық дрондар құлаған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, одан кейбір көпқабатты үйлердің терезелері қирағанымен, зардап шеккен адамдар жоқ.
Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні Ресейдің ірі зымырандық шабуылдарынан 18 адамның қаза тауып, 130-ы жараланғанын мәлім етті.
"40-тан астам баллистикалық, қанатты, зениттік және басқарылатын ракета Украинаның үш қаласындағы 130 тұрғын үйге тиді. Биыл қалаларымыз бен елді мекендерімізді, сондай-ақ майдан позицияларын қорғау үшін әуе қорғанысын нығайту басты мәселеге айналмақ", – дейді Зеленский X әлеуметтік плафтормасында жариялаған жазбасында.
Ресей болса, өз әскерінің азаматтық нысандарға соққы бергенін жоққа шығарып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Ресей қысқы бомбалау науқаны үшін зымыран жинақтаған, ал Украина оған дрондардың жаңа түрлерімен соққы беруге тырысып жатыр.
Вашингтонда орналасқан Соғысты зерттеу институты Мәскеу шет елдерден, соның ішінде Иран мен Солтүстік Кореядан көбірек баллистикалық зымыран алуға әрекеттеніп жатса керек.
Украинаның одақтастары ресурстары азайса да, Киевке әскери көмек пакеттерін жіберуді жалғастыруға уәде берді. Украинаның ең үлкен қолдаушысы АҚШ-тың көмегі де саяси қиындықтарға тап болып отыр.
Германия Қорғаныс министрлігі болса, сәрсенбіде Бундесвер қорларынан Украинаға алты SEA KING Mk41 көп мақсатты тікұшақ жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Соғыс басталғаннан бері Германиядан Украинаға шамамен 6 миллиард еуроның әскери көмегі жеткізіліпті. Соның ішінде соғыс ұшақтары мен әуе шабуылдарына қарсы қорғаныс жүйелері бар.