Атырау, 23 қараша 05:04
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түркия парламенті Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдады

362 просмотра

Түрік парламенті бірнеше рет кейінге қалдырып келген мәселеге нүкте қойды. Депутаттар басым дауыспен Швецияның НАТО-ға кіруін мақұлдады (287-ге қарсы 55 дауыс), деп хабарлайды ВВС. 

Түркия басшысы Режеп Тайип Ердоған алдағы күндері ратификациялық құжатқа қол қояды деп күтіліп отыр.

Ондаған жылдар бойы әскери одақтарға қосылмаған Швеция Ресейдің Украинаға агрессиясы басталғаннан кейін 2022 жылы Финляндиямен бірге НАТО-ға қосылу жөнінде өтініш берді.

НАТО мүшелерінің көпшілігі екі елдің де альянсқа қабылдануын тез арада ратификациялады, бірақ Швецияны Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелеріне баспана берді деп айыптаған Түркия бұл процесті кейінге қалдырды.

Нәтижесінде Финляндия өткен жылдың сәуір айында НАТО-ға толыққанды мүше болды, ал Швеция қосылу процесін осы күнге дейін аяқтай алмады.

«Бүгін біз НАТО-ның толық мүшелігіне тағы бір қадам жақындадық», — деп жазды Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссен әлеуметтік желіде.

Швецияның өтінішін Мажарстан әлі ратификациялаған жоқ: ел премьер-министрі Виктор Орбан сейсенбіде әріптесін осы мәселе бойынша келіссөз жүргізуге Будапешке шақырды.

Алайда Швеция Сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем қазір венгриялық тараппен бірдеңе  талқылауға ешқандай себеп көріп тұрмағанын айтты.

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг түрік парламентінің шешімін құптап, Мажарстанның да алдағы уақытта Стокгольм өтінішін қолдайтынына үміт білдірді.

«Мен Мажарстанның ратификацияны мүмкіндігінше тезірек аяқтауын күтемін. Швецияның мүшелігі НАТО-ны күшейтіп, бәрімізді қауіпсіз етеді», — деді ол.

24 қаңтар, 08:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.