Атырау облысы әкімдігі телеграм арнасына мүгедектердің ем қабылдауға баруы қиындап, ерекше балаларды үйірмелеріне апара алмай қиналып отырғаны жайлы шағым түсті. Шағым иесі ауданда арбаға таңылғандарды ғана таситын бір автокөліктің жүріп тұрғанын айтады.
Жылыой аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басшысы Жанар ҚАЗИЕВА аудан инва-таксиге зәру екенін растады.
Былтыр инватакси қызметін және І және ІІ топ мүгедектерін арнайы автокөлікпен тасымалдауға арналған әлеуметтік такси қызметін көрсету үшін екі тендерді де «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі жеңіп алған. Ол кезде екі келісімшарт мерзімі де бір жылдық болатын, оның мерзімі аяқталды. Инва-такси қызметі келісімшартының құны - 4 млн 647 мың теңге, әлеуметтік такси қызметін көрсету бойынша келісімшарт құны 9 млн 800 мың теңге болды.
Биыл бұл екі тендер бойынша келісімшарт мерзімі үш жылға белгіленді. Ж.Қазиева екі тендерді де мемлекеттік сатып алу порталында былтыр 17 желтоқсанда жариялағанын айтады. 20 күн өткен соң тендер 17 қаңтарда ойнатылды. Оған «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» және «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестіктері қатысты.
Қазиеваның айтуынша, тендерлік комисссияда «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамы» 8 балл, «Атырау облыстық мүгедектер қоғамы» 22 балл алған.
- «Ақжол» Махамбет мүгедектер қоғамының» құжаты толық болмаған соң әлеуметтік қызмет көрсету бойынша 1-2 топ мүгедектерді тасуға конкурс өтпеді. Бұл әлеуметтік тапсырыс, енді тендер 1 ақпанда қайта ойнатылады, - дейді Қазиева.
Биыл І және ІІ топ мүгедектерін арнайы автокөлікпен тасымалдау және инва-такси қызметі бойынша келісімшарт мерзімі жоғарыда айтылғандай, үш жылға арналған. Біріншісінің құны - 29 млн 400 мың теңгені құрайды. Ал екіншісі - 13 млн 941 мың теңге. Бірақ, оған ешкім қызығушылық танытпай отыр.
Қазиеваның сөзінше, жыл басталғалы аудандық бөлімге қарасты «Жалғызбасты және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған аумақтық орталықтың» арнайы көлігі инва-такси қызметін көрсете бастады. Одан бөлек, бүгіннен бастап аудандық бөлімнің қызметкерлерінің екі қызметтік жеңіл көлігі инва-такси қызметін көрсетуге шығарылды.
Екі тендер бойынша ауданда І және ІІ топ мүгедектігі бар 250 адамға қызмет көрсетіледі. Қызмет түрі түскен өтініштер негізінде ұсынылады. Жалпы, ауданда екі мыңның үстінде мүгедек бар. Олардың ішінде І топта - 178 адам, ІІ топта 950 адам болса, ІІІ топта 1132 адам тіркелген.
Айнұр САПАРОВА